Қазақстанда аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек тағайындау процесі автоматтандырылмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мақсатта жасанды интеллектіні қолдануды жоспарлап отыр. Жаңа технология әлеуметтік төлем алуға құқылы отбасыларды автоматты түрде анықтап, өтініштерді өңдеудегі қателік ықтималдығын азайтады.
Министрліктің мәліметінше, жобаның негізінде ең дәл машиналық оқыту үлгілерінің бірі жатыр. Ол кешенді тексерістен өтіп, 90 пайыздан жоғары нәтижесін көрсеткен. Жақын уақытта жүйе пилоттық режимде іске қосылады. Алғашқы кезеңде жасанды интеллект жергілікті билік органдарына ұсыныстар береді, ал оның шешімдері сарапшылардың бағасымен салыстырылып отырады.
Келешекте модель компьютерлік көру технологиясымен кеңейтіледі. Бұл құжаттарды ғана емес, өтінішпен бірге берілетін фотосуреттер мен бейнематериалдарды да талдауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл отбасының тұрмыстық жағдайын барынша объективті бағалауға жол ашады.
Жобаның соңғы кезеңінде жүйе тек төлем тағайындаумен шектелмейді. Ол аз қамтылған азаматтарға кешенді қолдау шараларын ұсынып, әр отбасы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстар жасайтын болады.