Home Робот пен дрондар,ЖИ Жапониялықтар адам денесін роботқа айналдыратын құрылғы таныстырды

Жапониялықтар адам денесін роботқа айналдыратын құрылғы таныстырды

24

Жапониядағы H2L компаниясы адам денесін басқару құралына айналдыратын ерекше құрылғыны таныстырды. Capsule Interface деп аталатын бұл технология адамның тек қозғалысын ғана емес, бұлшық етіндегі кернеуді де дәл сезіп, роботқа жеткізе алады. Жоба авторлары мұны “дененің өзін тірі басқару пультіне айналдыру” деп сипаттайды. Көпшіліктің есінде “Аватар” фильміндегі кейіпкерлердің әрекеттері осындай жүйеге ұқсайтыны анық.

Бұрынғы басқару тетіктері, көбіне, адамның аяқ-қолы қалай қозғалса, соны ғана қайталап үйренсе, Capsule Interface адамның денесіндегі ең майда бұлшық еттің өзгерісін де байқайды. Соның арқасында робот тек әрекетті көшірумен шектелмей, адамның қанша күш жұмсағанын да сезіне алады. Мысалы, қандай да бір затты көтеріп жатқан адам қиналса, робот та осы күшті шынайы қабылдайды. Бұл -қозғалыс пен сезімнің толыққанды симбиозы.

Компания таныстырған бұл шағын әрі жеңіл құрылғыны орындыққа не төсекке оңай бекітіп, түрлі салада тиімді пайдалануға болады. Мысалы, адам үйінде отырып зауыттағы роботты басқара алады. Ауыр жүктің орнын ауыстырғанда денеге салмақ түспейді. Апат аймағында адам өміріне қауіп төндірмей жұмыс істеуге жол ашады. Сонымен қатар жасы келген кісілерге, күн тәртібі тығыз жандарға тұрмыста үлкен көмек. Ал ауыл шаруашылығында фермерлер үйден шықпай-ақ техникамен қашықтан жұмыс істей алады.

H2L алдағы уақытта құрылғыға кері байланыс функциясын енгізбек. Бұл дегеніміз – адам роботты басқарумен қатар, оның не сезіп, не істеп жатқанын да денесі арқылы аңғара алады.

Capsule Interface – техника мен адамның өзара байланысын жаңа деңгейге көтеретін қадам. Бұл – болашақ бүгін басталғанының белгісі.