Жапонияның Ақпарат және коммуникация ұлттық технологиялар институтына қарасты Фотондық желілер зертханасының мамандары бұрын-соңды болмаған – 1,02 петабит/секунд жылдамдықпен интернет таратуға қол жеткізді. Бұл – әлем бойынша алғаш рет тіркелген көрсеткіш. Сигнал 1000 шақырымнан астам қашықтыққа таратылып, сәтті сынақтан өтті.
Ғалымдар мұндай жылдамдыққа 19 арналы жаңа талшықты-оптикалық кабельдің көмегімен қол жеткізді. Қызығы – бұл кабельдің диаметрі қазіргі қолданылып жүрген стандартты сымдармен бірдей. Сондықтан жаңа технологияны инфрақұрылымды толық ауыстырмай-ақ енгізуге болады.
Сынақ кезінде арнаулы оптикалық күшейткіштер, сигналдарды біріктіруші және бөлгіш құрылғылар пайдаланылды. Сигнал 21 рет қайталанып, жалпы 1807 шақырымға таратылды. Ал қабылдаушы жақта 19 арнадан тұратын қабылдағыш пен арнайы цифрлық процессор орнатылды. Ол әр арнадағы сигналды өңдеп, өзара кедергілерді жойып, байланыс сапасын сараптауға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, сынақ барысында нақты деректер жіберілген жоқ. Зерттеушілер тек сигнал сапасын өлшеп, соның негізінде жылдамдықты есептеген.
Ғалымдардың айтуынша, кабельдің өткізу мүмкіндігін тарату қашықтығына көбейткенде, 1,86 эксабит/секунд/шақырым нәтижесі шығады. Бұл – қазіргі талшықты желілердің стандартты көлемі үшін әлемдік рекорд.
Мамандар болашақта, әсіресе post-5G кезеңінде, интернет арқылы таралатын ақпарат ауқымы бұрын-соңды болмаған қарқынмен артады деп болжайды. Сол себепті жоғары жылдамдықты инфрақұрылымды бүгіннен бастап дамыту қажет екенін ескертеді.