Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне қарасты Қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы Drama RAT деп аталатын жаңа киберқауіп жөнінде ескерту жариялады.
Мамандардың мәліметінше, зиянды бағдарлама мессенджерлер, SMS-хабарламалар және электрондық пошта арқылы таралады. Ол танымал сервистердің, кеңінен қолданылатын қосымшалардың немесе түрлі құжаттардың кейпіне еніп, пайдаланушының сеніміне кіруге тырысады.
Қаскөйлер пайдаланушыларды алдау үшін ChatGPT қызметіне, музыкалық платформаларға, VPN-қосымшаларына және Minecraft ойынына арналған түрлендірулерге тегін қолжетімділік ұсынып, сондай-ақ «Декларация», «Төлемге арналған шот» секілді сенім ұялататын атаулармен әртүрлі файлдарды жолдайды.
Бағдарлама құрылғыға орнатылғаннан кейін жаңартуды іске қосуды ұсынады. Сол сәтте оның негізгі зиянды бөлігі пайдаланушыға байқалмай, жасырын түрде жүктеле бастайды. Одан кейін Android операциялық жүйесіндегі арнайы мүмкіндіктер қызметіне рұқсат беру сұралады.
Мұндай рұқсатқа ие болғаннан кейін Drama RAT зиянды бағдарламасы:
- құрылғы экранындағы ақпаратты оқи алады;
- логиндерді, құпиясөздерді және бір реттік растау кодтарын қолға түсіреді;
- пайдаланушының әрекеттеріне еліктейді;
- банк қосымшаларын басқара алады;
- құпия ақпаратқа қол жеткізеді;
- PIN-код орнатып, құрылғыны бұғаттай алады.
Мамандар құрылғының зиянды бағдарламамен зақымдану қаупін азайту үшін мынадай сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:
- мессенджерлер, SMS немесе электрондық пошта арқылы келген күмәнді файлдарды орнатпау;
- қосымшаларды тек ресми дүкендерден,
атап айтқанда Google Play платформасынан жүктеу; - ақылы сервистерге тегін қолжетімділік ұсынатын немесе күмән тудыратын жаңарту туралы ұсыныстарға сенбеу;
- орнатылатын бағдарламалар мен қосымшалар сұрататын рұқсаттарды мұқият тексеру;
- ақпараттық қауіпсіздік құралдарын үнемі жаңартып, операциялық жүйенің соңғы нұсқасын уақытылы орнатып отыру.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












