Home Технологиялар Қытайда электр желілерін тексеретін жылан пішіндес роботтар апаттың алдын алуға мүмкіндік беріп...

Қытайда электр желілерін тексеретін жылан пішіндес роботтар апаттың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр

42

Қытайдың Юньнань провинциясындағы Куньмин қаласының энергетика саласы мамандары электр жеткізу желілеріне жылан пішінінде жасалған роботтарды пайдалануға енгізді. Бұл құрылғылар электр сымдарын бойлай қозғалып, оларды орай жылжи отырып, орнатылған бейнекамералар мен түрлі сезгілердің көмегі арқылы зақымданған тұстарды, тозған бөлшектерді және қалыпты деңгейден жоғары қызуды анықтайды.

Қытайда электр жеткізу желілерінің техникалық жай-күйін бақылау үшін жылан пішініндегі роботтарды қолдану басталды. Мұндай құрылғылар қазірдің өзінде Юньнань провинциясының әкімшілік орталығы Куньмин қаласында қызмет атқарып жатыр. Роботтар электр сымдарын бойлай қозғалып, инфрақұрылым нысандарының жай-күйін үздіксіз бақылайды. Оларға орнатылған бейнекамералар мен сезгілер үзілген өткізгіштерді, тозған құрамдас бөліктерді және алдағы уақытта апатқа себеп болуы мүмкін шамадан тыс қызуды дер кезінде тіркейді.

Жобаны Гуаньду аудандық электрмен жабдықтау басқармасының мамандары әзірлеген. Қытай бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, жылан пішініндегі роботтар осы уақытқа дейін жалпы ұзындығы 130 шақырымнан асатын тарату желілеріне тексеру жүргізген. Бұл технологияның өнімділігі дәстүрлі қолмен жүргізілетін тексеру жұмыстарымен салыстырғанда үш есе жоғары. Сонымен қатар мамандарды өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін учаскелерге жіберу қажеттілігі едәуір азайған.

Неліктен дәл жылан пішініндегі роботтар таңдалды деген сұрақ туындайды. Қазіргі кезде электр жеткізу желілерін тексеруде ұшқышсыз ұшу аппараттары кеңінен қолданылып келеді. Алайда олардың мүмкіндігі белгілі бір жағдайларда шектеулі. Әуежайлар маңындағы аумақтарда дрондардың ұшуына рұқсат берілмейді. Бұдан бөлек, жоғары кернеулі желілердің күшті электрмагниттік өрісі басқару жүйесіне кедергі келтіріп, түсірілетін бейненің сапасын төмендетуі мүмкін. Ал жылан пішініндегі робот электр сымының бойымен тікелей қозғалғандықтан, мұндай шектеулер мен кедергілерге тәуелді болмайды. Сондай-ақ ауа райының қолайсыздығы оның жұмысына айтарлықтай әсер етпейді. Ең маңызды ерекшелігінің бірі құрылғыны қайта-қайта қуаттау қажет емес. Робот өзіне қажетті электр қуатын байланыссыз энергия қабылдау жүйесі арқылы тікелей электр желісінен алады.

Роботтың құрылымы бірнеше иілгіш бөліктен тұратын икемді денеден құралған. Соның арқасында ол оқшаулағыштар сияқты кедергілерді оңай айналып өте алады. Бейнекамералар мен сезгілер құрылғының алдыңғы бөлігіне орналастырылған. Сынақ кезеңі сәтті аяқталғаннан кейін бұл роботтар электр желілерінің ең күрделі учаскелеріне кезең-кезеңімен енгізіле бастады. Сонымен қатар Қытай энергетиктері жоғары кернеулі аймақтарды тексеруге арналған төрт аяқты роботтарды және тұрақты бақылау камераларын да қатар пайдаланып келеді.

Осы кезеңде электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігіне ерекше мән берілуінің өзіндік себебі бар. Ел бойынша жоғары оқу орындарына түсуге арналған ұлттық емтиханға шамамен 12,9 миллион талапкер қатысты. Емтихан барысында электр қуатының үзілуіне жол бермеу үшін энергетика саласының мамандары бақылаудың ең озық технологияларын кеңінен қолданып отыр. Олардың қатарында жылан пішініндегі роботтар, төрт аяқты роботтар және ұшқышсыз ұшу аппараттары бар.

Дереккөз: Interesting Engineering.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.