Home Технологиялар Инновациялар Қытай студенттері жасанды интеллектіні міндетті түрде оқиды

Қытай студенттері жасанды интеллектіні міндетті түрде оқиды

24

Қытайдың жоғары оқу орындары оқу бағдарламасына генеративті жасанды интеллектіні жаппай енгізе бастады. Mycos Institute зерттеуіне сүйенсек, студенттер мен оқытушылардың алпыс пайыздан астамы бұл технологияны күнделікті білім алу мен жұмыс барысында қолданады. Тек бір пайыз ғана ЖИ-ді мүлде пайдаланбайтынын айтқан.

ҚХР Білім министрлігі цифрлық сауаттылықты мектептен бастап қалыптастыруға басымдық беріп отыр. Университеттерде бұл бастама арнайы міндетті пәндер арқылы жүзеге асуда. Мәселен, Чжэцзян университетінде мамандығына қарамастан әрбір студент жасанды интеллектінің негіздерін меңгеруі тиіс.

ЖОО-ларда тілдік үлгілерге қолжетімділік арнайы серверлер арқылы қамтамасыз етілген. Бұл студенттерге ЖИ-ді еш шектеусіз қолдануға мүмкіндік береді. Тіпті гуманитарлық бағыттағы пәндерде де жаңа технология мәтіндерді талдауға, жобалар дайындауға сеп болып отыр. Мысалы, болашақ заңгерлер нейрожелілерді құқықтық сараптама жасау үшін пайдалануды үйреніп жатыр.

Қызу бәсекелі еңбек нарығында ЖИ-ді меңгеру түлектер үшін айтарлықтай артықшылыққа айналуда. Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылы ұсынылатын бос жұмыс орындарының 80 пайызында жасанды интеллектті игеру міндетті болмаса да, қалаулы талаптардың бірі ретінде көрсетілмек. Сонымен бірге университеттер академиялық адалдықты сақтау мақсатында ЖИ қолдануға қатысты нақты ережелер бекіткен.