Home Робот пен дрондар,ЖИ Қытай шекара қауіпсіздігін роботтар арқылы күшейтпек

Қытай шекара қауіпсіздігін роботтар арқылы күшейтпек

5

Қытай жасанды зердені күнделікті өмір мен мемлекеттік жүйеге енгізуді қарқынды түрде жалғастырып келеді. Соңғы жылдары елде әртүрлі қызмет атқаратын роботтарды әуежайлардан, мемлекеттік мекемелерден және ірі қоғамдық іс-шаралардан көруге болады. Көп тілде сөйлей алатын мұндай құрылғылар халықаралық жиындарға қатысып, ірі қалаларда тәртіп сақшыларының құрамында көшелерді де бақылап жүр.

Енді Қытай Вьетнаммен шекарадағы өткізу бекеттерінде адам бейнесіндегі Walker S2 роботтарын орналастырмақ. Бұл жоба Гуанси өлкесінде жүзеге асырылады. Аталған бағытта UBTech Robotics компаниясы 264 миллион юаньға тең келісімшартқа қол қойған. Бұл туралы South China Morning Post басылымы хабарлады.

Газеттің мәліметінше, гуманоид роботтарды нақты мемлекеттік нысандарда қолдану елдегі ең ауқымды жобалардың бірі болмақ. Алғашқы жеткізілімдер желтоқсан айында басталады.

Қытай–Вьетнам шекарасына жақын орналасқан Фанчэнган қаласындағы гуманоид роботтар орталығымен жасалған келісімге сәйкес, роботтар туристерге бағыт-бағдар көрсету, жаяу жүргіншілер қозғалысын реттеу, аумақты бақылау, жүк тасымалын ұйымдастыру және сауда қызметтеріне қолдау көрсету секілді міндеттерді атқарады. Сонымен қатар олар болат, мыс және алюминий өндіретін кәсіпорындарда тексеру жұмыстарын жүргізу үшін де пайдаланылмақ.

Шілде айында таныстырылған Walker S2 – қуат көзін өздігінен ауыстыра алатын алғашқы адам кейпіндегі робот ретінде сипатталады. Ол 52 қимыл мүмкіндігіне ие. Қолдарының әрқайсысында 11 қимыл еркіндігі бар, бұл күрделі әрекеттерді орындауға мүмкіндік береді. Робот екі қуат көзімен жабдықталған, оларды жұмыс барысында ауыстыруға болады. Осылайша құрылғы тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істей алады. Әр қолымен 15 келіге дейін жүк көтере алатын Walker S2 қозғалысы көп ортада түсті стереокөру жүйесі арқылы бағдарланады және сағатына 7,2 шақырымға дейін жылдамдықпен жүре алады.

UBTech компаниясының хабарлауынша, Walker сериясындағы роботтарға түскен тапсырыстардың жалпы көлемі 1,1 миллиард юаньға жеткен. Өндіруші жыл соңына дейін 500 робот жеткізуді жоспарлап отыр. Ал 2027 жылға қарай жылдық өндіріс көлемін 10 мың данаға дейін арттыру көзделген.

Бұл жоспарлар Қытайда адам кейпіндегі робототехника бойынша ұлттық комитеттің құрылуымен қатар іске асырылуда. Мұның өзі саланың қарқынды дамып келе жатқанын және мемлекеттік қызметте, өндірісте әрі шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуде рөлінің артып отырғанын көрсетеді.