Қытайдың жетекші телекоммуникация компаниялары бүкіл ел аумағында электронды SIM-карта (eSIM) қызметін ұсынуға ресми рұқсат алды. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады.
China Telecom, China Mobile және China Unicom компаниялары eSIM қызметін іске қосқанын мәлімдеді. Дегенмен, әзірге абоненттер жаңа қызметті белсендіру үшін оператор кеңсесіне өздері баруы қажет.
China Mobile компаниясы хабарлағандай, eSIM тек смартфондарға ғана емес, сонымен қатар планшеттерге, ақылды сағаттарға және көлік құралдарына орнатылған құрылғыларға да қолданылады. Сарапшылардың пікірінше, бұл технологияның кеңінен таралуы пайдаланушыларға мобильді қызметтерді қосу мен басқаруды едәуір жеңілдетеді.
Апта басында Apple компаниясының бас директоры Тим Кук қытайлық Douyin платформасындағы Apple Store ресми аккаунтында жаңа iPhone Air моделін таныстырды. Бұл құрылғы тек eSIM арқылы жұмыс істейді. Смартфонға алдын ала тапсырыс қабылдау 17 қазанда басталады. iPhone Air — Қытай нарығында тек электронды SIM-картаға негізделген алғашқы үлгі болмақ.
eSIM дәстүрлі SIM-картаның орнын басатын кіріктірілген микрочип болып саналады. Ол қоңырау шалу, хабарлама жіберу және мобильді интернетті пайдалану мүмкіндігін физикалық картасыз-ақ қамтамасыз етеді. Сарапшылардың айтуынша, eSIM технологиясының дамуы мобильді байланыстың жаңа деңгейіне өтуге жол ашып, пайдаланушылар мен құрылғы өндірушілер үшін ыңғайлы әрі икемді шешімдер ұсынады.












