Home Техника Автокөліктер Қытай электромобиль нарығын қалай жаулап алды?

Қытай электромобиль нарығын қалай жаулап алды?

14

Қытай автоконцерндері әлемдік электромобиль (EV) және гибрид көліктер нарығында көш бастап тұр. carscoops.com дерегіне сүйенсек, бүгінде Қытай өндірушілері бұл сегменттің 76%-ын иемденген. Олардың мұндай жетістікке жетуінің басты себептері – дамушы елдерге бағытталған стратегия, өндіріс шығындарын барынша азайту және қолжетімді баға ұсыну.

Қытай электромобильдері Бразилияда – 82%, Таиландта – 77%, Мексикада – 70% нарық үлесіне ие. Индонезия, Малайзия, Непал, Израиль сынды елдерде де бұл көрсеткіш жоғары. Бұл елдерде жергілікті автоөнеркәсіптің әлсіздігі қытайлық компанияларға бәсекелессіз жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр.

Еуропада қытайлық электромобильдер нарыққа біртіндеп еніп келеді. Германияда олардың үлесі 4%-ға жетсе, Ұлыбританияда – 7%, Францияда – 5%, Нидерландыда – 6%, Испанияда – 10%, Австрияда – 11% құрайды. Мұндай динамика Қытай өндірушілерінің Еуропада да өз орнын нығайтып жатқанын көрсетеді.

Қытай электромобиль нарығындағы жетістігінің тағы бір негізгі факторы – мемлекеттік қаржыландыру. 2009-2023 жылдар аралығында бұл салаға 231 миллиард доллар инвестиция құйылып, субсидиялар мен түрлі жеңілдіктер қарастырылды. Осылайша, өндіріс шығындары төмендеп, Қытай электромобильдері бәсекеге қабілетті әрі қолжетімді бола түсті.

Қытайдың мұндай қарқынды дамуы Батыс автоөнеркәсібі үшін үлкен бәсекелестік туғызуда. АҚШ-тағы шектеулерге қарамастан, Қытай өндірушілері өз тауарларын әлемнің түкпір-түкпіріне экспорттап, қолжетімді бағамен жаһандық нарықты жаулап келеді. Егер бұл тенденция сақталса, алдағы жылдары Қытай электромобильдері әлемдік нарықты толықтай бақылауға алуы мүмкін.