Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров цифрлық мүлік иелеріне алаяқтардан сақ болуға кеңес берді. Оның айтуынша, қылмыстық топтар блокчейн TON платформасындағы бірегей сыйлықтар, парақша атаулары мен сирек кездесетін нөмірлерді иеленген қолданушыларды нысанаға алып отыр.
Алаяқтар жеке ақпаратты жариялаймыз деп қорқытып, құнды цифрлық мүлікті беруді талап етеді. Бұл үшін олар жеке парақшалармен ғана шектелмей, арнаулы арналар да ашып жатыр. Кей жағдайларда, қолданушылар жайлы жағымсыз материалдар жарияланып, кейін сол жазбаларды өшіру үшін ақша талап етіледі.
Павел Дуров мұндай жағдайлар туралы ашық айтуға шақырды. Алайда бұл мүмкіндік тек Telegram ішіндегі ішкі валюта – бес мың «жұлдызы» бар қолданушыларға ғана қолжетімді. Бұл – шамамен 8200 рубль. Дуровтың айтуынша, бұл шектеу жүйенің артық жүктелуінен сақтайды.
Сонымен қатар Telegram командасы алаяқтар туралы хабарлау үшін ресми @notoscam ботын пайдалануға және шағым жолдағанда #blackmail деген хэштег жазуға кеңес береді.