Home Технологиялар Киберқауіпсіздік Телефон – қауіп көзі ме?

Телефон – қауіп көзі ме?

12

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарды бейтаныс адамдармен телефон арқылы сөйлескен кезде барынша сақ болуға шақырады.

Алаяқтар көбіне егде жастағы адамдарға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік мекеме өкілі ретінде таныстырады. Олар үшінші біреулердің азаматтың банктік шотындағы қаражатты заңсыз иемденуге немесе заңға қайшы қаржылық операциялар жүргізуге әрекет жасап жатқанын алға тартады. Әңгімелесу барысында түрлі психологиялық тәсілдерді қолданып, адамның үрейін күшейтіп, асығыс шешім қабылдауға итермелейді. Соның салдарынан зейнеткерлерді қаражатты қауіпсіз деп көрсетілген арнайы шотқа аударуға көндіреді.

Бұдан бөлек, алаяқтар азаматтың мобильді банкинг қызметін пайдалана алатынын анықтап, ақша аудару тәртібін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Сондай-ақ телефонға әртүрлі қосымшаларды орнатуды ұсынып, сол арқылы құрылғыны және банктік қызметтерді қашықтан басқаруға мүмкіндік алуға тырысады.

Неге назар аудару қажет?

Өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік мекеме өкілі ретінде таныстырған кез келген бейтаныс адамға сене бермеңіз.

Қоңырау шалушы сіздің аты-жөніңізді, тұрғылықты мекенжайыңызды немесе басқа да жеке деректеріңізді білсе, бұл оның сенімді екенін білдірмейді. Мұндай мәліметтер деректердің сыртқа таралуы салдарынан ашық ақпарат көздеріне түсіп кетуі мүмкін.

Егер қоңырау шалушы өзін банк, құқық қорғау органы немесе өзге ұйымның қызметкері ретінде таныстырса, оның аты-жөнін және қызметін нақтылап алыңыз. Одан кейін тиісті мекеменің ресми байланыс орталығына өзіңіз хабарласып, айтылған ақпараттың шынайылығына көз жеткізіңіз.

Егер қоңырау шалған адам өзін туысыңыз немесе жақын танысыңыз ретінде таныстырып, төтенше жағдайға тап болғанын айтса, абыржымаңыз. Әңгімені тоқтатып, сол адамға өзіңіз білетін телефон нөмірі арқылы тікелей хабарласыңыз.

Ешкімге жеке деректеріңізді, банк картаңыздың нөмірін, жарамдылық мерзімін, үш таңбалы қауіпсіздік кодын (CVV/CVC), құпия сөзді, SMS арқылы келетін растау кодтарын және банктік шоттарыңыздағы қаражат қалдығы туралы мәліметтерді жарияламаңыз.

Есте сақтаңыз, құқық қорғау органдары, банктер және өзге де қаржы ұйымдары клиенттердің құпия мәліметтерін телефон арқылы сұратпайды. Мұндай ақпарат азаматтардың қаражатына заңсыз қол жеткізуге ұмтылатын алаяқтарға ғана қажет.

Дереккөз: Fingramota.kz.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.