Home Технологиялар Ғаламтор және желі Tele2/Altel жасанды интеллект жобалары үшін ұлттық суперкомпьютерді пайдаланады

Tele2/Altel жасанды интеллект жобалары үшін ұлттық суперкомпьютерді пайдаланады

12

Tele2/Altel компаниясы жасанды интеллектіге арналған өз шешімдерін дамыту үшін Alem.cloud суперкомпьютерлік кластерінің серверлік қуатын пайдалануды жоспарлап отыр. Жоба бойынша келісім 2025 жылғы 2 қазанда өткен Digital Bridge форумында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы (ҰАТ) мен Tele2/Altel арасында жасалды.

Alem.cloud суперкомпьютерлік кластері Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты деректерді өңдеу орталығында орналасқан. Кластердің инфрақұрылымын дамыту мен техникалық қолдауды «ҰАТ» АҚ жүзеге асырады.

«Біздің инженерлік және техникалық құрам күн сайын ұлттық жасанды интеллект кластерінің инфрақұрылымын жетілдіруге жұмыс істейді. Мұндай жобаның іске қосылуы – заманауи технологияларды қазақстандықтардың күнделікті өміріне енгізудегі маңызды қадам. Біз бизнес құрылымдармен, стартаптармен қатар ғылыми орта мен білім ұйымдарымен де ынтымақтастыққа ашықпыз. Негізгі мақсатымыз – цифрлық технологияларды елдің экономикасы мен ғылымының басты салаларына енгізуге қажетті жағдай жасау», – деді «ҰАТ» АҚ басқарма төрағасы Даулет Бекманов.

Alem.cloud кластері биыл шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен іске қосылған болатын. Суперкомпьютердің жоғары есептеу қуатына нейрожелілерді әзірлейтін стартаптар, университеттер, ғылыми орталықтар және мемлекеттік, жекеменшік ұйымдар қол жеткізе алады.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамымен стратегиялық әріптестік орнату арқылы біз жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеу бағыттарында заманауи GPU-серверлерді қолдана аламыз. Бұл серіктестік бізге әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымға қол жеткізуге мүмкіндік береді, сол арқылы ІІ шешімдерін әзірлеу мен енгізу үдерісін жеделдетеміз. Мысалы, сөйлеу мен бейнені өңдеу модельдері, ұсыныс жүйелері, үлкен деректерді талдау, клиенттерге қызмет көрсетуді автоматтандыру, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және жоғары есептеу технологияларына негізделген басқа да жобалар осының нәтижесі болмақ», – деді Tele2/Altel бас директоры Александр Бабичев.