Қазақстанда суперкомпьютерді қолдану аясында қандай мүмкіндіктер бар? Бұл жөнінде Үкімет қабырғасында өткен баспасөз мәслихатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді.
Оның айтуынша, суперкомпьютер – деректерді өңдеуге арналған қуатты серверлер мен сақтау жүйелерінің жиынтығы. Ол жасанды интеллект технологиясына негізделіп, графикалық процессордың (GPU) көмегімен жұмыс істейді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл — нейрожелі сияқты ойлап, үйрене алатын “электронды ми”.
Қазір аталмыш жүйе арқылы алғашқы пилоттық жобаларды іске қосып жатырмыз. Мәселен, eGov.AI платформасы дәл осы суперкомпьютер негізінде жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге eOtinish жүйесіндегі үлкен көлемдегі деректерді талдау, азаматтардың өтініштерін саралау да жүргізілуде. Бұған қоса, Әділет министрлігімен бірлесіп, заңнамалық кеңес беретін бот пен жасанды интеллект көмекшісін де сынақтан өткізіп жатырмыз, – деді вице-министр.
Маманның айтуынша, мемлекеттік жүйелерде жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін көмекшілерді кеңінен қолдану үшін айтарлықтай ресурстар қажет. Сондықтан жыл соңына дейін осы бағыттағы технологияларды жетілдіру үшін әлемдік жетекші компаниялардың бірі — Nvidia шығарған заманауи жабдықтар елімізге жеткізіледі деп күтілуде.
«Алдымызда 50-ге жуық AI-агент пен ассистентті түрлі салада іске қосу міндеті тұр. Қазірдің өзінде мемлекеттік органдар осы агенттер мен көмекшілерді қай бағыттарда қолдануға болатынын қамтитын арнайы карта әзірледі. Мақсат — жасанды интеллектіні тек енгізу емес, оның шынайы пайдасы мен тиімділігін көру. Яғни, азаматтар мен кәсіпкерлік орта үшін қолайлы қызметтер ұсынып, мемлекеттік процестерді жеңілдету, артық қағазбастылықтан арылу», – деп Ростислав Коняшкин.жауап берді журналистердің қойған сауалына.