2025 жылдың 16 мамырынан бастап АҚШ-тағы барлық Steak ‘n Shake мейрамханаларында тапсырыстарды биткойнмен төлеуге болады. Компания Lightning Network жүйесін енгізіп, криптовалютамен есеп айырысуды ресми түрде іске қосты. Бұл — блокчейн негізінде жұмыс істейтін, төлемдерді бір сәтте жүзеге асыруға мүмкіндік беретін заманауи технология.
Steak ‘n Shake — 1934 жылы Иллинойс штатында негізі қаланған және стейкбургер мен үйде дайындалған сүт коктейльдерімен танымал болған бренд. Бүгінде АҚШ-та 400-ден астам нүктесі бар бұл желі жыл сайын 100 миллионнан астам адамға қызмет көрсетеді. Компанияның Франция мен Испанияда да бөлімшелері бар.
Наурыз айында Steak ‘n Shake клиенттерден биткойнмен төлем жасауға қатысты пікір сұраған болатын. Көпшілік бұл бастаманы қолдап, араға екі ай салып, компания биткойн төлемін барлық нүктелерінде енгізетінін хабарлады.
Мейрамханалар желісі жаңа төлем тәсілін ресми сайты арқылы хабарлады. Жүйенің сәтті іске асқанын растайтын фото, видео, чек пен скриншоттар әлеуметтік желілерде таралып үлгерді. Криптовалюта қолданушылары биткойнмен төлеудің артықшылықтарын — комиссияның болмауы мен құпиялылықтың жоғары деңгейін ерекше атап өтті.
Компанияның операциялық директоры Дэн Эдвардстің айтуынша, алдағы уақытта бұл тәжірибе Steak ‘n Shake-тің халықаралық бөлімшелеріне де енгізілмек.
Айта кетейік, алғаш рет биткойн нақты тауарға 2010 жылдың 22 мамыры алмастырылған. Ласло Ханец есімді қолданушы 10 000 BTC-ге екі пицца сатып алған еді. Ал 2024 жылдың қыркүйегінде АҚШ президенті Дональд Трамп сайлауалды науқаны кезінде Нью-Йорктегі Pubkey мейрамханасында биткойнмен чизбургер сатып алып, криптовалюта арқылы есеп айырысқан алғашқы президент атанды.

Жалпы, әлемдегі бірқатар танымал фастфуд желілері де биткойнмен төлем жасау тәжірибесін сынап көрген:
Subway 2013 жылы АҚШ, Ресей және Аргентинадағы кейбір дүкендерінде BTC қабылдаған.
Burger King 2016 жылдан бері Нидерланды, Ресей, Венесуэла, Германия және Францияда криптотөлемді тестілеп келеді.
KFC Canada 2018 жылы «Bitcoin Bucket» атты арнайы тағамын онлайн арқылы биткойнмен сатқан.
Pizza Hut пен өзге желілер 2021 жылы Сальвадорда BTC ресми валюта мәртебесіне ие болғаннан кейін криптовалюта қабылдай бастады.
McDonald’s 2022 жылдан бері Швейцарияның Лугано қаласында биткойнмен төлем қабылдайды.
Chipotle сол жылы АҚШ-тағы барлық нүктесінде BTC және өзге криптовалюталармен есеп айырысуға мүмкіндік берді.
Биткойн енді тек инвестиция құралы ғана емес, күнделікті өмірде де кеңінен қолданылатын төлем әдісіне айнала бастады. Steak ‘n Shake-тің бастамасы — соның айқын дәлелі.