Қазақстан Орталық Азияда өзінің көшбасшылығын тағы да дәлелдеп, әлемдік стартап-экожүйелердің 75 үздігінің қатарына енді. Бұл туралы digitalbusiness.kz сайты хабарлайды.
StartupBlink жүргізген зерттеу нәтижелері Қазақстанның жаһандық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін және инновациялық даму орталығы ретінде әлеуетін растайды.
StartupBlink жыл сайын әлемнің 100-ден астам еліндегі 1 300-ден астам стартап-экожүйені 40 көрсеткіш бойынша бағалайды. Бұл көрсеткіштерге стартаптар саны, акселераторлар, коворкинг орталықтары, жұмыс орындары, сондай-ақ стартаптардың халықаралық нарықтардағы жетістіктері кіреді. Соңғы үш жылда Қазақстан ЖИ пен инновация саласында тұрақты түрде дамып, әлемдік стартап қауымдастығындағы орнын нығайтып келеді. Сонымен қатар, Қазақстан Орталық Азияның аймақтық экономикалық бағдарламасы (CAREC) аясында да көшбасшы болып танылды.
Draper University-мен серіктесе жүзеге асырылып жатқан «Hero Training» бағдарламасы стартаптарға АҚШ нарығына шығу мүмкіндіктерін ұсынуды жалғастыруда. 2023 жылдан бері бағдарламаға Орталық Азияның үш елінен 37 стартап қатысқан, оның ішінде CITIX стартапы $1 млн көлемінде инвестиция тартып, танымал венчурлық инвестор Тим Дрейпердің қолдауына ие болды. Сонымен қатар, «AI’preneurs» бағдарламасы аясында жасанды интеллект саласында 21 стартап құрылып, олардың 7-еуі Seed Money бағдарламасы арқылы қаржыландыру алды.
Alchemist Accelerator және Silkroad Innovation Hub-пен бірлесіп іске қосылған AlchemistX & Silicon Valley Residency Program бағдарламасы 22 Орталық Еуразия стартабына АҚШ нарығына шығуға көмектесті. Бұл стартаптардың үшеуі $1,4 млн көлемінде инвестиция тартса, сегізі жалпы сомасы $379 мыңды құрайтын коммерциялық келісімдер жасасты.
Global Outsourcer 2.0 бағдарламасы 15 қазақстандық IT-компаниясына 24 елден, оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Канада, БАӘ және Австралиядан клиенттермен 98 экспорттық келісімшарт жасасуға көмектесіп, жалпы сомасы $355 мыңнан астам қаржы тартты.