Шулы қала өмірінен жалыққан жан қайда бас сауғалайды? Бұл сұраққа жауапты жаңа фермерлік ойын– Starsand Island береді. Ойын желісі күншуақты, жасыл табиғаты көз тартатын тропикалық аралда өрбиді.
Басты кейіпкер – үлкен қаладан кетіп, бейқам өмірді таңдаған бойжеткен. Бірақ арал өмірі тек тынығу емес, күнделікті тіршілікпен астасқан еңбекке толы. Ойыншы жер өңдеп, егін егіп, балық аулап, табиғат байлықтарын зерттеп, өз баспанасын тұрғызады. Одан бөлек, жергілікті тұрғындармен танысып, қарым-қатынас орната аласыз. Әр кейіпкердің өзіне тән жеке мінезі мен жүріп өткен жолы бар
Starsand Island ойынының бір ерекшелігі – үй тұрғызу мен кеңістікті баптау мүмкіндігі. Ойыншы өз талғамына сай дыбыстарды өзгертіп, интерактивті заттарды бағдарламалай алады.
Жақын күндері жоба авторлары Kickstarter алаңында арнайы қаржыландыру науқанын бастамақ. Мақсат – ойынды одан әрі дамыту, әсіресе аралдың жағасында орналасатын қалқымалы ойын-сауық паркін жасау. Бұл жоба сәтті жүзеге асса, ойыншыларға достарымен бірге теңіз үстіндегі саябақта демалуға мүмкіндік туады.