Home Кәсіби маман Аналитика Смартфон -сана сергектігінің сақшысы болуы мүмкін

Смартфон -сана сергектігінің сақшысы болуы мүмкін

9

Жаңа зерттеулерге сүйенсек, технологияны меңгерген егде жастағы адамдардың деменцияға шалдығу қаупі азаяды. Ғалымдар мұны спортпен айналысу мен жоғары білімнің әсерімен тең деңгейде бағалап отыр.

Зерттеушілердің айтуынша, смартфон, компьютер және интернетті күнделікті қолданатын егде адамдардың ойлау қабілеті әлдеқайда жоғары деңгейде. Яғни технологиямен етене таныс зейнет жасындағы адамдардың когнитивті бұзылыстарға ұшырау қаупі төмен.

Қазір 80 жасқа келген аға буын – соңғы жүз жылдағы орасан технологиялық өзгерістердің куәгері. Бала кезінде түрлі-түсті теледидар болмаған кезеңде өскен олар бүгінде TikTok пен жасанды интеллект заманына аяқ басты.

Технология адам санасына қалай ықпал етеді? Бұл сұрақ төңірегіндегі талқылау көптен бері толастар емес. Дегенмен Nature Human Behaviour журналында жарияланған жаңа зерттеу бұл мәселеге үміт отын жаққандай. Технология мидың жұмысын жақсартып, ойлау қабілетіне оң әсер етуі мүмкін деседі.

Ғалымдар 50 жастан асқан 411 мыңнан астам адамның деректерін талдап, 57 түрлі зерттеуді бір арнаға тоғыстырған. Қатысушылардың орташа жасы – 68. Олар интернетсіз өскен буын болғандықтан, зерттеушілер оларды «цифрлық жаңашылдар» деп атаған.

Зерттеу нәтижесі заманауи технологияларды күнделікті өмірде жиі қолданатын егде жастағы адамдардың ойлау қабілеті әлдеқайда жақсы сақталатынын көрсеткен. Бірнеше жылға созылған бақылау барысында бұл қорытынды өз дәлелін тапқан.

Ғалымдар бұл байланысты, яғни техникамен жұмыс істеу мен мидың белсенділігі арасындағы қатынасты – тіпті қан қысымын бақылау, спортпен шұғылдану, жоғары білім алу немесе миды жаттықтыратын хоббилармен айналысу сияқты факторлармен салыстырғанда да әлдеқайда маңызды деп бағалайды.

Тіпті әлеуметтік жағдай, денсаулық деңгейі мен қоршаған орта секілді факторларды ескергеннің өзінде, технологиямен жұмыс істеудің ми қызметіне оң әсері жоғалмаған.

Мамандар бұл құбылысты «технологиялық қор» деп атайды. Яғни цифрлық құрылғылар адамның ойлау жүйесін жетілдіріп, жылдам шешім қабылдауға әрі әлеуметтік байланыстарды сақтауға көмектеседі. Мұндай белсенділік миды сергек ұстап, жастың да, жастың келбетінің де ұзаруына, әсіресе есте сақтау қабілетінің әлсіреуіне жол бермеуге сеп болады.

Алайда, технологияны шамадан тыс қолдану кері әсер етеді деп есептейтіндер де бар. Олар «цифрлық әлсіреу» ұғымын алға тартып, гаджетке тәуелділік жас та, жасамыс та адамның есте сақтау қабілетін төмендететінін алға тартады.

Дегенмен, зерттеу авторлары технологияны қолдануда тепе-теңдік сақтау маңызды екенін ескертеді. Экранға ұзақ уақыт үңіліп отыру зиянды болса, мүлде пайдаланбау — миды дамытатын мүмкіндіктерден айырады. Сондықтан, ең маңыздысы саналы қолдану мен мөлшерін білу.