Қостанай облысы, Александров орта мектебінің 10-сынып оқушысы Виктор Рыжков 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде көпірлердің қирау мәселесіне назар аударып, оны шешу үшін ерекше жоба әзірледі. Ол ұстазы Виталий Базаркиннің жетекшілігімен «Smart Bridge» жүйесін құрастырды.
Бұл жүйе судың деңгейін бақылап, қауіп төнген сәтте автоматты түрде іске қосылады. Арнайы өлшеу құрылғылары су деңгейінің шекті межеден асқанын анықтаған бойда, басқару құрылғысы көпірді көтеретін тетікті іске қосады. Осылайша, қатты тасқынға қарамастан, көпірдің бұзылуына жол бермейді.
« Мақсатым – қоршаған ортаны,қоғамды су тасқыны қаупінен қорғау. Жоба барысында көпірді көтеру механизмін таңдауда қиындықтар болды, бірақ біз оны сәтті жүзеге асырдық»- дейді Виктор.
Жас өнертапқыш болашақта жүйені одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр. Ол көпірді біртіндеп көтеру технологиясын енгізіп, радио құрылғы орнату арқылы төтенше жағдай қызметтеріне автоматты хабар жіберу мүмкіндігін қосуды көздейді.
Виктордың жобасы республикалық «Өнертабыстың алғашқы қадамы» байқауында «Өнеркәсіптегі техникалық жобалау» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленді. Бұл жүйе болашақта су тасқыны жиі болатын аймақтарда қолданылуы мүмкін.