Алматы қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері шетелдік компанияларға бағытталған кибершабуылдарға қатысы бар деген күдікпен азаматты ұстады. Бұл туралы NewTimes.kz сайты комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті шетелдік компаниялардың серверлік жүйелеріне заңсыз кіріп, мәліметтерді шифрлайтын зиянды бағдарлама енгізген. Артынша ақпаратты қалпына келтіру үшін криптовалюта арқылы төлем талап еткен.
Үйін тінту кезінде оның заңсыз әрекеттерін растайтын айғақтар тәркіленді. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Істің мән-жайы Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбай отыр.