Шығыс Қазақстанда өзендердегі сең жүру кезеңінде жыл сайын жүргізілетін жарылыс жұмыстарының орнына заманауи технологияларды қолдану ұсынылды. Бұл экологияға зиянын азайтып қана қоймай, бюджет қаражатын да үнемдеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Глубокое ауданына жасаған сапары барысында өзендердегі мұз кептелістерін жоюға қатысты жаңа ұсынысты қарастырды. Әкімдік қызметкерлері жыл сайын алдын алу шарасы ретінде жүргізілетін жарылыстардан бас тартып, олардың орнына жүк дронын пайдалануды ұсынды. Себебі мұндай жарылыстар өзен экожүйесіне зиян келтіріп, балық шаруашылығына кері әсер етеді. Сонымен қатар, бұл жұмыстарға қомақты қаражат жұмсалады— өткен жылы ғана аталған мақсатқа 380 миллион теңге бөлінген.
Балама шешім ретінде ұсынылған жүк дроны 32 миллион теңге тұрады және мұз кептелісі нақты қай жерде қалыптасса, сол жерге ғана бағытталып, қажетті жарылысты жүзеге асыра алады. Бұдан бөлек, дрон арқылы су айдындарын қашықтан бақылауға мүмкіндік туып, тікұшақпен мониторинг жүргізу шығындары да қысқарады.
— Ұсынысты толық қолдаймын. Бүгін зерттеп, ертеңге дейін нақты жоспар әзірлеңіздер. Дронды мұз жүру маусымы басталғанша сатып алу қажет, — деді облыс әкімі.