Home Технологиялар Инновациялар Сәбилерге арналған: АҚШ-та өздігінен еритін шағын жүрек құрылғысы жасалды

Сәбилерге арналған: АҚШ-та өздігінен еритін шағын жүрек құрылғысы жасалды

22

АҚШ-тағы Солтүстік-Батыс университетінің зерттеушілері туа біткен жүрек ақауы бар нәрестелерге арналған, көлемі күріш дәніндей ғана болатын, ерекше шағын құрылғы ойлап тапты. Бұл құрылғы медициналық технологиядағы жаңа бетбұрысты білдіреді.

Жаңа құрылғының көлемі – небары 3,5 мм. Ол шприц арқылы денеге оңай енгізіледі, яғни баланың кеудесін жарып, ота жасау қажет емес. Құрылғы жүрек ырғағын уақытша реттеп, баланың жүрегіне артық күш түсірмей жұмыс істейді.

Кардиолог, зерттеу авторларының бірі Игорь Ефимовтің айтуынша, бұл құрылғы әсіресе алғашқы жеті күнде өте маңызды. Себебі жүрекке жасалған отадан кейін дәл осы кезеңде сәбидің жағдайы тұрақтанып, жүрек жұмысы өздігінен қалпына келуі мүмкін.

Құрылғы адам ағзасындағы инфрақызыл жарыққа жауап береді. Яғни, жүрекке салынған шағын реттегіш сыртқы басқару құрылғысымен жарық арқылы байланысады. Бұл – ешқандай сымсыз, денені кесіп тастамай-ақ басқаруға мүмкіндік береді. Ғалымдардың айтуынша, адам денесі жарықты өткізуге қабілетті. Мысалы, қолыңыздың артына фонарик жаққанда жарық ішінен көрінеді. Осы қарапайым құбылыс медициналық құрылғыда тиімді пайдаланылып отыр.

Ең басты жаңалық – бұл құрылғы ағзада артық қалдық қалдырмай, өзі-ақ ериді. Қосымша ота жасау арқылы алып тастау қажет емес. Барлық бөлшектері адам организміне қауіпсіз және биологиялық сұйықтықта табиғи түрде еріп кетеді.

Зерттеушілер болашақта бұл технологияны тек жүрекке емес, жүйке жасушаларын қалпына келтіру, сүйек тінін емдеу және созылмалы ауруды жеңілдету мақсатында да пайдалануға болатынын айтады.

Құрылғының тиімділігі жануарларға жасалған тәжірибеде және қайтыс болған адамдардың жүректерінде сынақтан өткен. Бұл – оны клиникалық қолдануға бір қадам жақындататын маңызды кезең.