Жасанды интеллектпен жабдықталған роботтар күнделікті өмірімізге біртіндеп еніп келеді. Олар жеткізу қызметінде, үй шаруасында, қарт адамдарға көмек көрсету сияқты салаларда белсенді қолданылады. Десе де, инвесторлардың ерекше назары адамға ұқсас роботтарға аударылған. Бұл салаға миллиардтаған долларлар құйылуда, өйткені роботтар қоғамның түрлі саласын өзгертіп, кейбір жұмыс орындарын алмастыра алады деп күтуде.
Aneli Capital компаниясының серіктесі Дайва Ракаускайте бұл үрдіске алаңдаушылық білдіреді. Оның пікірінше, адам тәрізді роботтарға бағытталған инвестициялар көп жағдайда шын мәніндегі экономикалық негізге сүйенбейді. Танцтайтын роботтардың видеосы вирус болып жүрсе де, іс жүзінде шешімін күтіп тұрған техникалық мәселелер әлі көп, ал стартаптар әлі де тұрақты пайда табудан алыс.
«Инвесторлар тек қызығушылыққа ермей, нақты есепке сүйенген жобаларды қолдауы керек. Стартаптар алғашқы күннен бастап лицензиялау, серіктестік және кіріс әкелетін нақты жолдарды ойластыруы тиіс. Бұл қағида кез келген салаға қолданылады», – дейді Ракаускайте.
Қытайдың Ұлттық даму және реформалар комиссиясы да робототехника саласында қаржының шектен тыс көп ағылуы салдарынан маңызды ғылыми зерттеулерге қаражат жетпеуі мүмкін екенін ескертті.
Робототехника пионері, Roomba робот-пылесосының авторы Родни Брукс та адам тәрізді роботтарға салынатын инвестициялардың көбіне нәтиже бермейтінін атап өтті. Оның айтуынша, роботтардың қол икемділігі мен қозғалыс қабілетінде әлі техникалық қиындықтар бар, маркетингтегі жарнама мен шындық арасындағы алшақтық өте үлкен.
Десе де, роботтарға инвестиция ағымын тоқтату мүмкін емес. Aneli Capital компаниясы хабарлағандай, жасанды интеллект адам тәрізді роботтарға бұрын болмаған коммерциялық мүмкіндіктер береді.
CB Insights компаниясының есебіне сәйкес, биылғы жылдың үшінші тоқсанында венчурлық қаржыландырудың жартысынан көбі жасанды интеллект саласына бағытталды, ал өнеркәсіптік адам тәрізді роботтар стартаптары тек 17 мәміле жасады.
Есепте робототехникаға деген қызығушылықтың асыра бағалануы мүмкін екені айтылған. Сала әлі де икемділік, сенімділік және құн мәселелерін толық шеше алған жоқ. Сондықтан роботтарды бастапқы кезеңде тек бақылаулы зауыттар мен қойма сияқты ортада тиімді пайдалану мүмкіндігі бар.












