Home Электроника Ақылды құрылғылар Qyzbolsyn: Қыздарға арналған қауіпсіз кеңістік

Qyzbolsyn: Қыздарға арналған қауіпсіз кеңістік

13

Алматылық оқушылар әзірлеген Qyzbolsyn қосымшасы қыздарға қолдау көрсететін цифрлық кеңістікке айналды. Жоба авторлары – Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Жансая мен Сабина, Haileybury Алматы мектебінің оқушысы Жания және РФММ түлегі Махаббат.

Бастапқыда “Technovation” халықаралық байқауы аясында әзірленген жоба уақыт өте келе кеңейіп, мыңдаған қыздың сенімді серігіне айналды. Qyzbolsyn – қыздарға қауіпсіз орта қалыптастыруды мақсат еткен қосымша. Мұнда олар денсаулық пен психологиялық жай-күйге қатысты сенімді ақпарат алып, мотивациялық материалдар мен өзекті тақырыптар бойынша кеңестер оқи алады.

Жоба авторларының айтуынша, қосымшаны жасауға олардың жеке тәжірибелері мен айналасындағы қыздардың алаңдаушылықтары себеп болған.”Өзіміз де талай рет қиын сұрақтарға жауап іздедік. Қыздарға қолдау қайдан табуға болады? Өзіңді қалай жақсы түсінесің? Қоғамның сынына төтеп беру үшін не істеу керек? Осы сұрақтар көпшілікті толғандыратынын көріп, арнайы цифрлық көмекші жасау туралы шешімге келдік” – дейді жоба авторлары.

Команда қосымшаны одан әрі дамыту үшін табысты қазақстандық әйелдермен подкасттар жазуды, медиа мен сарапшылармен серіктестік орнатуды жоспарлап отыр.Бүгінде Qyzbolsyn 2 миллион теңге көлемінде инвестиция алды. Дегенмен, жоба авторлары қосымша қаржыландыру тарту үшін түрлі гранттық бағдарламалар мен байқауларға қатысуды жалғастыруда.

“Қыздар үшін қыздар әзірлеген бастамалар олардың өз күшіне сенімін арттырады. Мұндай жобалар көбейген сайын, әйелдердің көшбасшылыққа ұмтылуы да күшейе түседі”, – дейді жоба авторлары.

Қазіргі таңда Qyzbolsyn қыздардың жеке дамуына көмектесетін маңызды құралға айналып үлгерді. Жоба авторлары оның аясын кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктер ашуды көздейді.