АҚШ Қорғаныс министрлігі OpenAI, Google, Anthropic және Илон Маск негізін қалаған xAI компанияларымен жалпы құны 200 миллион долларға дейін жететін келісімшарттар жасасты. Бұл туралы TMTPost Пентагонға сілтеме жасап хабарлады.
Төрт ІТ-компаниямен жасалған бұл серіктестік ұлттық қауіпсіздік саласында жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі шешімдер әзірлеуді көздейді. Жобалар аясында барлау деректерін талдау, әскери операцияларды модельдеу, логистика мен тергеу процестерін автоматтандыру сияқты бағыттар қамтылады. Пентагон бұл шешімдер әскердің басқару және операциялық жүйелеріне ЖИ технологияларын жедел енгізуге жол ашатынын айтады.
OpenAI үшін бұл — Пентагонмен алғашқы ірі келісім. OpenAI-дың Sora атты бейне генерациялау жүйесі бүгінде АҚШ әскерінің жаттығулар мен операцияларды модельдеуде қолданатын негізгі құралдарының біріне айналды. Бұған дейін OpenAI Anduril стартапымен бірлесіп дрондарға қарсы қорғаныс жүйесін әзірлеуге қатысқан.
Қарқын алып жатқан тек OpenAI емес. Масктың xAI компаниясы үкіметтік мақсаттағы Grok платформасын таныстырса, Scale AI мен Snowflake Пентагонға инфрақұрылымдық шешімдер ұсынып отыр. Биыл АҚШ Қорғаныс министрлігі цифрландыруға 1,8 миллиард доллар бөлген. Оның 200 миллионы — ЖИ енгізуге бағытталған.
Сарапшылардың айтуынша, коммерциялық нарық баяулап, ЖИ технологияларын әзірлеуге шығындар артқан шақта мемлекеттік сектор ІТ-компаниялар үшін тұрақты қаржылық қолдауға айналды. Бұл ретте Кремний алқабындағы бұрынғы антисоғыс ұстанымдар да әлсірей бастағаны байқалады. OpenAI мен Google соңғы жылдары өз технологияларын әскери мақсатта қолдануға қатысты шектеулерін алып тастаған.
Жасанды интеллектіні қорғаныс саласына енгізу — АҚШ-тың 2027 жылға дейінгі ұлттық стратегиясының бір бөлігі. Мақсат — әскери басқаруда және шешім қабылдау процесінде технологиялық үстемдікке қол жеткізу.