Home Айтулы оқиғалар Павел Дуров Қазақстанда жасанды интеллект зертханасын ашты

Павел Дуров Қазақстанда жасанды интеллект зертханасын ашты

9

Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Қазақстанда жасанды интеллектке арналған арнайы зертхананың ашылғанын хабарлады. Жоба Alem.ai ғимаратының базасында жүзеге асырылады.

Дуровтың айтуынша, былтыр компания Қазақстанда алғашқы өңірлік кеңсесін ашқан. «Біз сол кезден бері атқарылған нәтижелерге өте ризамыз. Бүгін ерекше қуанышпен жасанды интеллект саласына арналған зертхананы ашып отырғанымызды хабарлаймын. Бұл зертхана Alem.ai ғимаратында орналасады», – деді ол.

Жоба Telegram платформасы мен Қазақстанның жасанды интеллект министрлігі іске қосқан суперкомпьютерлік кластер арасындағы бірлескен бастама болып табылады. Бұл технология әлем бойынша миллиардтан астам адамға жасанды интеллект қызметтерін қауіпсіз, ашық әрі тиімді түрде пайдалануға мүмкіндік бермек.

Павел Дуровтың айтуынша, Қазақстанның суперкомпьютерлік кластері жаңа желінің негізгі есептеу орталықтарының біріне айналуы ықтимал. Оның пікірінше, бұл қадам тек Telegram экожүйесінің ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның технологиялық әлеуетінің де дамуына жол ашады.

Жаңа зертхана өңірлік деңгейде жасанды интеллект бағытындағы зерттеулер мен әзірлемелерді күшейтіп, Қазақстанды цифрлық инновациялар орталығына айналдыруды мақсат етеді.