Қазақстан Қорғаныс министрлігі заманауи технологияларды әскери салаға енгізуге кірісті. Министрліктің құрамында жасанды интеллектіні дамытуға арналған арнайы бөлім жасақталды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Жаңа бөлімшенің басты мақсаты – басқару шешімдерінің жылдамдығы мен нақтылығын арттыру. Жасанды интеллект жүйелері мол деректерді талдай отырып, маңызды процестерді автоматтандыруға және ықтимал сценарийлерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Қорғаныс министрі Даурен Қосановтың сөзінше, әлемнің алдыңғы қатарлы армиялары бүгінде жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып отыр.
«Қазақстан да бұл үрдістен шет қалмауы тиіс. Жаңа технологияларды енгізу – әскеріміздің қуатын арттырып, елдің қорғаныс қабілетін нығайтатын маңызды қадам», – деді ол.
Бөлімше қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтар және ІТ-компаниялармен бірлесе жұмыс істемек. Бұл заманауи технологияларды әскер ісіне бейімдеуге, сондай-ақ осы саладағы отандық ғылыми база мен мамандарды қалыптастыруға жол ашады.
Әскери офицерлер мен инженерлер үшін арнайы оқыту бағдарламалары әзірленеді. Министрлік бұл бастаманың әскердің ұзақ мерзімді технологиялық дамуына берік негіз болатынын айтады.
Сарапшылардың пікірінше, Қорғаныс министрлігінде жасанды интеллект бағыты бойынша жаңа бөлім құру – Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін күшейтуге, сонымен бірге сыртқы технологияларға тәуелділікті азайтуға бағытталған стратегиялық шешім болып отыр.