Қазақстан Президентінің АҚШ сапары барысында OpenAI компаниясы мен «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымы ChatGPT-нің қазақ тіліндегі сапасын арттыру және оның мүмкіндіктерін кеңейту бойынша бірлескен жұмыс жүргізуге келісті.
Тараптар жасанды интеллекттің жұмыс дәлдігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады. OpenAI компаниясының білім беру және мемлекеттік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кевин Миллс пен «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы тілдік модельдерді жетілдіру және деректер қорын Қазақстанның ұлттық мәдениеті, әдебиеті мен тарихына байланысты материалдармен толықтыру басты мақсат болатынын атап өтті.
Келісім мұғалімдерге жаңа мүмкіндіктер береді, жасанды интеллекттің көмегімен қазақ тілінде оқу бағдарламаларын, лекциялар мен әдістемелік материалдарды әзірлеуге мүмкіндік туады.
Жобаның қатысушыларының пікірінше, бұл ынтымақтастық технологиялар саласында қазақ тілін ілгерілетуге және оның жаһандық сандық кеңістіктегі рөлін нығайтуға маңызды қадам болады.












