Home Технологиялар Ғаламтор және желі OmniHuman-1- жасанды интеллект әлеміндегі жаңа кезең

OmniHuman-1- жасанды интеллект әлеміндегі жаңа кезең

31

TikTok-тың әзірлеушісі ByteDance компаниясы OmniHuman-1 атты жасанды интеллект жүйесін таныстырды. Бұл технология адам жүзін, мимикасы мен қимыл-қозғалысын айнытпай қайталайтын дипфейк-видеолар жасайды. Кейбір кемшіліктер болғанымен, OmniHuman-1 бүгінгі таңда ең шынайы дипфейк жасаушы жүйе болып саналады.

Жаңа технологияның басты ерекшелігі – нақты адамға ұқсайтын бейне жасау үшін бар болғаны бір сапалы фотосурет пен дауыстың аудиожазбасы жеткілікті. Жүйе дайын видеоны өңдеп, адамның дене бітімін өзгерту сияқты күрделі тапсырмаларды орындай алады. Бұл мүмкіндіктің көмегімен өмірде болмаған оқиғаларды шынайы етіп көрсетуге, тіпті дүниеден өткен адамдардың бейнесін жасауға да болады.

OmniHuman-1 жұмысы “omni-conditions” деп аталатын әдіске негізделген. Ол кескін, дыбыс және мәтіндік мәліметтерді кешенді түрде өңдейді. Компанияның мәліметінше, нейрожелі небәрі 18 700 сағаттық видео арқылы жаттықтырылды, әрі алдыңғы дипфейк жүйелерімен салыстырғанда қателік деңгейі әлдеқайда төмен.

Жаңа технология таңғалдырарлық болғанымен, оны алаяқтық пен ақпараттық манипуляция үшін қолдану қаупі де зор. Соңғы жылдары дипфейктер саяси науқандарда, жалған ақпарат таратуда, тіпті белгілі адамдардың атын жамылып халықты алдауда жиі қолданылып келеді.Сарапшылар дипфейк технологияларын заңмен реттеу қажеттігін айтып, бірнеше рет дабыл қаққанымен, бұл бағытта нақты қадамдар жасала қойған жоқ. Ал жасанды интеллект күн сайын дамып, шынайы мен жасандының арасындағы шекараны жойып барады.