Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қолданыстағы 5G желілері дрондарды бақылауға пайдаланылуы мүмкін

Қолданыстағы 5G желілері дрондарды бақылауға пайдаланылуы мүмкін

10

АҚШ-та қолданыстағы 5G байланыс желілері арқылы ұшқышсыз ұшу аппараттарын анықтауға мүмкіндік беретін жаңа технология таныстырылды. Жобаға Lockheed Martin, NVIDIA, Verizon секілді ірі компаниялар және басқа да ұйымдар бірлесіп қатысып отыр. Технологияға деген сұраныстың жоғары болуына байланысты оның алғашқы үлгісі қысқа мерзім ішінде, небәрі бірнеше айда әзірленген.

Шағын әрі арзан дрондар бүгінде аса қауіпті қару түрлерінің біріне айналды. Оның басты себебі мұндай аппараттардың көпшілікке қолжетімді болуы және арнайы жабдық қолданылғанның өзінде оларды алдын ала анықтаудың оңай еместігінде. Оның үстіне дронды анықтауға арналған кейбір құрылғылардың құнының өзі аппараттың бағасынан асып түседі, оған қызмет көрсететін мамандардың шығыны тағы бар. Осыған байланысты зерттеушілер 5G желілерін пайдалануды ұсынды. Мұндай желілер қазірдің өзінде кең таралған және әсіресе қорғауды қажет ететін азаматтық нысандардың маңында көптеп орналасқан.

NetSense деп аталатын технологияның көптеген құрамдас бөлігі құпия сақталады. Оның жұмыс істеу қағидаты мынаған негізделген. Дрон 5G желісінің ретрансляторы маңынан ұшып өткенде немесе онымен дерек алмасқанда, радиоэфирде өзіне тән өзгерістер пайда болады. Күнделікті жағдайда мұндай өзгерістерді байқау қиын, алайда қуатты жасанды интеллект жүйесі оларды жалпы ақпарат ағынынан ажыратып, алынған деректер арқылы ықтимал қатердің сипаттарын анықтай алады. Бұл белгілі бір аумақтағы дрондардың қозғалысын бақылап, күдік тудыратын аппараттарды анықтауға мүмкіндік береді.

Жаңа технологияның басты ерекшелігі 5G желілерінің қолданыстағы жабдықтарын жаңартудың қажет еместігінде. Сонымен қатар жүйе келесі буын байланыс желісі саналатын 6G технологиясымен де жұмыс істеуге бейімделіп әзірленіп жатыр. Қызметті пайдаланатын тарапқа да қосымша техникалық жабдық сатып алудың қажеті жоқ. Ол қажетті деректерді қашықтан, жазылым негізінде алады. Осылайша байланыс инфрақұрылымын да, әуе кеңістігінің қауіпсіздігін де мемлекеттік органдар мен тиісті рұқсаты бар ұйымдардың бақылауында ұстауға мүмкіндік туады.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.