Интернетте танымал ойындардың атын жамылған жаңа зиянды бағдарлама анықталды. Ол компьютерге орнатылған сәттен бастап жүйенің жұмысын тежеп, деректерді ұрлап, тіпті құрылғыны хакерлердің мақсатында пайдаланады. Сарапшылардың мәліметінше, бір ай ішінде бұл зиянды бағдарламадан мыңдаған адам зардап шеккен.
Зиянды бағдарлама өткен жылдың соңынан бастап жаппай тарай бастаған. Ол жұқтырылған ойынмен бірге компьютерге орнатылып, құрылғының жұмысын баяулатып қана қоймай, жеке деректерді ұрлап, тіпті хакерлердің DDoS-шабуылдарына құрал ретінде пайдалануына мүмкіндік береді.
Алаяқтар BeamNG.drive, Dyson Sphere Program, Universe Sandbox, Plutocracy және Garry’s Mod сияқты танымал ойындардың тегін нұсқаларын ұсынған болып, оларды торрент-сайттар арқылы таратқан. Бірақ шын мәнінде, бұл – жасырын майнер. Оны орнатқан компьютер автоматты түрде криптовалюта өндіру үшін пайдаланылып, процессор мен видеокартаға ауыр жүктеме түседі. Соның салдарынан құрылғы баяулап, қызып кетеді, ал кей жағдайларда мүлде істен шығуы мүмкін.
Сарапшылар бұл зиянды бағдарламаның Ресей, Беларусь, Қазақстан, Бразилия және Германиядағы қолданушыларға зиян тигізгенін анықтады. Алаяқтар оны мереке кездерінде белсенді түрде таратқан, себебі дәл осы кезеңде адамдар сақтығын төмендетіп, көңіл көтеруге көбірек уақыт бөледі.
T.Hunter тергеу департаментінің басшысы Игорь Бедеровтың айтуынша, майнер процессор мен видеокартаның қуатын шамадан тыс пайдаланып, жүйенің жұмысын баяулатады, құрылғының қатып қалуына және қызып кетуіне себеп болады. Сарапшының сөзінше, кейбір майнерлер қосымша бағдарламалармен жабдықталған, олардың арасында криптовалюта әмияндарынан, браузерлерден және басқа да қосымшалардан деректерді ұрлайтын зиянды құралдар бар.
— Бұл зиянды бағдарлама ойыншылардың жеке деректерін, ойын ішіндегі қаражатын немесе тіпті банк карталарының мәліметтерін ұрлауы мүмкін. Сондай-ақ, жұқтырылған құрылғылар хакерлердің басқаруындағы желіге қосылып, криптовалюта өндіру үшін пайдаланылуы ықтимал, — деп ескертті сарапшы.