Nazarbayev University-де Social Startup 2026: Early Stage бағдарламасы бойынша гранттық қолдауға ие болған төрт стартап анықталды. Жеңімпаздар меланоманы ерте анықтауға арналған жасанды интеллект жүйесін, егде жастағы адамдарға арналған дауыстық көмекшіні, жастардың психологиялық саулығын қолдайтын цифрлық жүйені және өндірістік қалдықтардан құрылыс материалы жасайтын технологияны әзірлеп жатыр. Бұл туралы Digital Business жазды.
Social Startup 2026: Early Stage бағдарламасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 12 тамызда Nazarbayev University-де өтті. Бағдарламаны университеттің корпоративтік қоры NU Impact Foundation ұйымдастырды.
Биыл бағдарламаға қатысуға 83 өтінім келіп түсті. Байқау іріктеуінен өтіп, NU SteP инкубациялық бағдарламасын аяқтаған 15 команда финалға жолдама алды.
Жобаларды бизнес, технология, денсаулық сақтау және венчурлік инвестициялар салаларында жұмыс істейтін бес сарапшы бағалады. Іріктеу кезінде жобалардың әлеуметтік маңызы, көтерген мәселесінің өзектілігі және оны кең ауқымда іске асыру мүмкіндігі ескерілді.
Нәтижесінде төрт команда гранттық қолдауға ие болды.
mendiSKIN жобасы терінің фотосуреті арқылы меланома қаупін бағалайтын жасанды интеллект негізіндегі мобильді жүйе әзірлеп жатыр. Жобаның ерекшелігі терінің қарауға қиын тұстарын, соның ішінде шаштың астындағы аймақтарды да талдай алуында.
Әзірлеушілер бұл шешім тері қатерлі ісігін ерте анықтауды қолжетімді етіп, әсіресе өңір тұрғындарының медициналық тексеруден өту мүмкіндігін кеңейтеді деп күтеді.
Alina жобасы егде жастағы адамдарға арналған дауыстық жасанды интеллект көмекшісін әзірлеуде. Жүйе бірнеше қызметті қамтиды. Ол дәрі қабылдау уақытын еске салады, пайдаланушыға көмекшімен дауыстап сөйлесуге мүмкіндік береді және адамның құлап қалғанын анықтай алады. Төтенше жағдай кезінде жақындарына немесе тиісті тұлғаларға ескерту жіберу мүмкіндігі де қарастырылған.
Осылайша, әзірлеушілер егде жастағы адамдардың күнделікті өмірде дербестігін сақтауға көмектесетін және олардың жақындарына ықтимал қауіпті жағдайлар туралы жедел хабарлайтын цифрлық құрал жасауды көздейді.
Тағы бір жеңімпаз QamCore AI жобасы мектеп оқушылары мен студенттердің психологиялық саулығын қолдауға арналған цифрлық жүйе әзірлеп жатыр. Платформа пайдаланушыға QR-код арқылы анонимді түрде көмек сұрауға мүмкіндік береді. Ал мамандарға психологиялық қиындықтар мен қауіп белгілерін ертерек байқауға көмектесетін талдамалық мәліметтер ұсынылады.
Төртінші жеңімпаз QazEcoRec командасы өндірістік қалдықтарды пайдаланып, геополимерлі бетоннан жаяу жүргіншілер жолына арналған тақтайша өндіру технологиясын әзірлеуде. Жоба деректеріне сәйкес, бұл технология дәстүрлі цемент негізіндегі құрылыс материалдарымен салыстырғанда өндірістің көміртек ізін 40–60 пайызға азайтуға мүмкіндік береді.
Әзірлеушілер бұл арқылы екі мәселені қатар шешуді көздейді. Олар бір жағынан өндірістік қалдықтарды қайта өңдесе, екінші жағынан сол қалдықтардан сертификатталған құрылыс өнімін алуды жоспарлап отыр.
Алия Рахимова
Мәтін қысқартылып жарияланды.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.








