Home Кәсіби маман «Нұр-Әлем» павильоны жасанды интеллект кластеріне айналады

«Нұр-Әлем» павильоны жасанды интеллект кластеріне айналады

27

Астанадағы ЭКСПО аумағында орналасқан «Нұр-Әлем» павильоны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құзыретіне беріледі. Бұл жөнінде министр Жаслан Мадиев мәлімдеді.

Қазіргі таңда нысан бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ашылуы 2025 жылдың қазан айына жоспарланған. Министрдің айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді. Жобаның шығындары демеушілік және бюджеттік емес көздер есебінен өтеледі.

Жаңартылған павильон ЭКСПО аумағында кеңейтіліп жатқан инновациялық кластердің бір бөлігіне айналады. Мұнда жасанды интеллектіге негізделген технологиялық кеңістік қалыптасады. Жоба аясында AI-музей, кино залы, балаларға арналған аймақ, түрлі іс-шаралар мен хакатондарға арналған алаңдар, сондай-ақ TUMO Education мен Tomorrow School сынды білім беру бастамалары жүзеге асады.

Сонымен қатар, жасанды интеллект бағытына арналған зертханалар, кеңселер мен кампус салынып, ІТ-мамандардың жаңа буынын тәрбиелеуге басымдық беріледі.