2025 жылдың 25 наурызынан бастап Қазақстанда ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу тәртібі жаңартылды. Бұл өзгерістер бұрыннан қолданыста жүрген телефондарға қатысы жоқ. Яғни, еліміздің аумағында осы күнге дейін жұмыс істеп тұрған құрылғылар ешқандай кедергісіз әрі қарай қолданыла береді. Жаңа ережелер тек 25 наурыздан кейін елге әкелінген мобильді құрылғыларға қатысты.
Мемлекет бизнестің өтінішін ескеріп, бұрын елге жеткізілген, бірақ сатылмаған құрылғыларды заңдастыру үшін қосымша 60 күн уақыт берді. Яғни, кәсіпкерлер мен азаматтар 2025 жылдың 25 мамырына дейін https://kz-imei.kz порталы арқылы құрылғыларды тіркей алады. Бұл – олардың заң аясында жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін уақыт.
Жаңа талап бойынша, елге жеткізілген телефондар бірнеше деңгейлі тексерістен өтуі керек. Ол үшін:
-GSMA халықаралық деректер базасында тіркеуден өтуі;
-Мемлекеттік салық және кеден жүйелерімен сәйкестенуі;
-Құрылғының техникалық сипаттамалары мен құжаттарының дұрыстығы;
– IMEI-кодының ұрланған, жоғалған немесе бұғатталған құрылғылар қатарында жоқ екені расталуы тиіс.
Бұл талаптар келесі тұлғаларға міндеттеледі:
Импорттаушыларға– елге әкелінетін барлық құрылғылар бойынша;
Жеке тұлғаларға– егер құрылғы бұған дейін Қазақстанда қолданылмаған болса;
Сервис орталықтарына– техникалық себеппен IMEI-коды ауыстырылған жағдайда.
Егер құрылғы белгіленген мерзімде тіркеуден өтпесе, оған ұялы байланыс қызметтері көрсетілмейді. Ал егер телефон желіге қосылған күннен бастап 30 күн ішінде тіркелмесе, ол «қара тізімге» енгізіліп, автоматты түрде бұғатталады.
Қазіргі таңда кез келген азамат құрылғының IMEI-кодын https://imei.rfs.gov.kz сайты арқылы тексере алады. Бұл ұрланған немесе жалған телефонды сатып алу қаупінен сақтайды. Айта кетейік, қолданыстағы заңға сәйкес, ұялы телефондар қайтарылмайды және айырбасталмайды.
Мемлекет бұл қадамға мобильді техниканың көлеңкелі саудасын азайту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және әділ нарық қалыптастыру мақсатында барып отыр.
Ең бастысы – 2025 жылдың 25 наурызына дейін ел ішінде жұмыс істеп тұрған құрылғыларға бұл жаңа талаптар жүрмейді. Олар бұрынғыдай қалыпты жұмысын жалғастыра береді. Ал жаңадан әкелінген құрылғылар заңды тіркеуден өтуі қажет. Сондықтан телефон сатып аларда мұқият болып, оның заңдылығын алдын ала тексеріп алған жөн.