Disney OpenAI-мен келісімге келді. Енді бейне жасауға арналған құрал Disney, Pixar, Marvel және «Жұлдызды соғыстар» әлеміндегі 200-ден астам кейіпкердің қатысуымен қысқа видеолар әзірлей алады.
Walt Disney компаниясы OpenAI-мен ауқымды әріптестік орнатқанын жариялады. Келісім аясында Disney технологиялық компанияның капиталына 1 миллиард доллар көлемінде үлес алады. Бұл серіктестік OpenAI әзірлеген Sora генеративті бейне платформасы арқылы Disney-дің танымал кейіпкерлерін қысқа бейнероликтерде қолдануға мүмкіндік береді.
Бұл лицензиялық келісім жасанды интеллектке негізделген бейне генерациялау құралдары үшін ірі ойын-сауық студиясының өз зияткерлік меншігін алғаш рет кең көлемде пайдалануға беруі болып отыр.
Компания бейсенбі күні таратқан мәлімдемесінде жаңа үш жылдық лицензиялық келісім аясында Sora қолданушылардың сұранысы бойынша әлеуметтік желілерге арналған қысқа видеолар жасай алатынын хабарлады. Бұл видеоларда Disney, Marvel, Pixar және Star Wars әлеміне тиесілі 200-ден астам анимациялық әрі фантастикалық кейіпкер, олардың киімдері, реквизиттері, көліктері мен әйгілі локациялары қолданылады. Дайын контентті жанкүйерлер көріп қана қоймай, еркін бөлісе алады.
Disney өз кейіпкерлерін OpenAI-ге ресми түрде лицензиялау арқылы генеративті жасанды интеллект төңірегіндегі зияткерлік меншікке қатысты дауларды айналып өтіп, сонымен қатар жаңа табыс көзін қалыптастырып отыр.
Sora қолданушы енгізген бірнеше сөздің негізінде бірнеше секунд ішінде толықтай жасалған бейнелерді ұсына алады. Бұл ретте сол бір зияткерлік меншік қоры пайдаланылады. Келісім шарттарына сәйкес, жобада нақты әртістердің бейнесі мен дауысы қолданылмайды.
Екі тарап бұл әріптестікті ойын-сауық индустриясында жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі этикалық тұрғыда қолданудың жаңа стандарттарын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам ретінде бағалап отыр.
Disney басшысы Айгердің айтуынша, жасанды интеллекттің қарқынды дамуы сала үшін шешуші кезеңнің басталғанын білдіреді. Оның сөзінше, бұл озық технология Disney жанкүйерлеріне бұрын-соңды болмаған деңгейде қиял мен шығармашылық еркіндік береді әрі сүйікті кейіпкерлері мен оқиғаларымен өзара әрекеттесудің анағұрлым жеке әрі бай формаларын ұсынады.
Сонымен қатар бұл келісім актерлер, дыбыс әртістері мен аниматорлар арасында алаңдаушылық туғызуы мүмкін. Себебі алдағы уақытта студиялар тұтас сахналарды орындаушылар мен иллюстратор-суретшілердің қатысуынсыз жасауға көшетін болашақты меңзейді.
Қолданушылар өз жобаларында Микки мен Минни Маус, Лило, Стич, Ариэль, сондай-ақ «Энканто», «Мұзды өлке», «Ойжұмбақ», «Моана» секілді танымал туындылардың кейіпкерлерін пайдалана алады.
Сонымен бірге бастапқыда анимациялық форматта болмаған Marvel мен Lucasfilm жобаларындағы кейіпкерлердің де анимациялық және иллюстрациялық нұсқалары қолжетімді болады. Олардың қатарында Қара Пантера, Капитан Америка, Дэдпул, Грут және Йода бар.












