Home Технологиялар Ғаламтор және желі Meta компаниясы жасанды интеллект қосымшасын іске қосты

Meta компаниясы жасанды интеллект қосымшасын іске қосты

5

Meta компаниясы жасанды интеллектіні жеке көмекші ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа Meta AI қосымшасын таныстырды. Енді қолданушылар өзіне қажетті ақпаратты алуға, күнделікті істерін жоспарлауға немесе қызығушылығына сай ұсыныстарды бір ғана қосымша арқылы алып отыра алады.

Meta AI қосымшасының ең үлкен артықшылығы — қолданушының жеке қызығушылығы мен талғамына бейімделе алатындығында. Жүйе Meta экожүйесіне кіретін платформалардағы (Instagram, Facebook, WhatsApp) белсенділікті ескере отырып, кіммен жиі араласатыныңызды, қандай жазбаларға назар аударатыныңызды саралайды. Соның негізінде жасанды интеллект әр адамға жеке әрі дәл ұсыныстар береді. Қазіргі таңда бұл мүмкіндік АҚШ пен Канада тұрғындарына қолжетімді. Компания алдағы уақытта сервисті басқа елдерде де іске қосуды жоспарлап отыр.

Қосымшада Discover атты арнайы бөлім бар. Мұнда қолданушылар жасанды интеллектпен арадағы қызықты диалогтарын жариялап, достарымен бөлісе алады. Мысалы, өз бейнеңізді үш эмодзи арқылы сипаттап, соны осы бөлімде көпшілікке ұсынуға болады. Бұл мүмкіндік жастарға ыңғайлы әрі қызықты болатындай етіп әзірленген.

Meta өкілдері деректер қауіпсіздігі мен құпиялылық мәселесін басты назарда ұстайтынын айтып отыр. Алдағы уақытта қосымша жаңа функциялармен толықтырылып, жасанды интеллектпен қарым-қатынасты одан әрі жекелендіру мүмкіндігі артады.