Қазақстанда оқушыларды жаңа технологияларға үйрету қолға алынады. Бағдарлама аясында жасанды интеллект, бағдарламалау және 3D-моделдеу сияқты пәндер енгізілмек. Бұл туралы Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасқан Мәдиев digitalbusiness.kz сайтына берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, министрлік жоғары технологиялық салаларға дайын мамандар даярлауға бағытталған көптеген бастамаларды қолға алуда. Оқушыларды болашақта ғылым мен білім экономикасының негізіне айналатын салаларда жұмыс істеуге дайындау басты назарда.
-Біз мектеп қабырғасынан бастап жоғары технологиялық және пайдасы мол салаларда жұмыс істей алатын мамандарды тәрбиелеуді қолға алуымыз қажет. Келесі жылдан бастап жасанды интеллект орталығында осындай мамандарды даярлауға арналған оқу бағдарламалары іске қосылады, — деді Мәдиев.
Министр мектеп оқушыларының ChatGPT қолдануына қатысты депутаттардың сынына жауап берді. Ол әр адамның өз пікірін білдіруге құқығы бар екенін атап өтті. Плайда жасанды интеллектінің тек зиянды жағын қарастыру дұрыс емес екенін қоса өтті.
— ChatGPT мүмкіндіктері кең және оны дұрыс пайдалана алса, оқу процесіне пайдалы құрал бола алады, — деп пікірін білдірді министр.
Еске сала кетсек, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов білім беру процесінде жасанды интеллектінің бақылаусыз қолданылуына алаңдаушылық білдіріп, оның сыни ойлау мен тәуелсіз шешім қабылдауға кері әсер ететінін ескерткен болатын.