Home Технологиялар Ғаламтор және желі Ұлыбритания TikTok, Reddit және Imgur платформаларына қатысты тергеу бастады

Ұлыбритания TikTok, Reddit және Imgur платформаларына қатысты тергеу бастады

11

Ұлыбританияның Ақпарат комиссары басқармасы (ICO) TikTok, Reddit және Imgur-дың балаларға қатысты деректерді қалай өңдейтінін зерттеуге кірісті. Тергеу барысында аталған платформалардың 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің жеке мәліметтерін қалай пайдаланатынына ерекше мән беріледі.

Әсіресе, TikTok-тың контент таспасын қалыптастыру үшін жасөспірімдердің жеке мәліметтерін қалай пайдаланатыны мұқият қарастырылуда. Сондай-ақ, Reddit пен Imgur қолданушылардың жасын қалай анықтайтыны зерттеледі. Егер заңбұзушылықтар анықталса, компанияларға түсініктеме беруге мүмкіндік беріледі. Одан кейін ICO тиісті шаралар қабылдау туралы шешім шығарады.

TikTok бұған дейін, 2023 жылы, 13 жасқа толмаған балалардың жеке деректерін ата-анасының келісімінсіз пайдаланғаны үшін 12,7 миллион фунт стерлинг айыппұл төлеген еді.

Reddit өкілі ICO-мен толық ынтымақтастық орнатуға дайын екенін және қолданушылардың жасын анықтау жүйесін жетілдіретінін мәлімдеді.

Ұлыбританияда балаларды зиянды контенттен қорғауға бағытталған қатаң ережелер қолданылады. Әлеуметтік желілерге жас ерекшеліктеріне байланысты шектеулер енгізу, жасын анықтау шараларын күшейту және алгоритмдерін зиянды материалдарды сүзгіден өткізуге бейімдеу міндеттелген.

Дереккөз: Reuters