Aaeon компаниясы Intel Core Ultra процессорына негізделген жаңа шағын компьютерін – PICO-MTU4-SEMI үлгісін жария етті. Өндірушінің айтуынша, бұл құрылғы – «Intel Core Ultra негізіндегі әлемдегі ең кішкентай өнеркәсіптік шағын компьютер». Оның көлемі небәрі 108 x 95 x 43 мм.
Құрылғы салмағы небәрі 0,6 келі және мүлде салқындатқышсыз жұмыс істейді. Сыртқы пішіні ескі үлгідегі құрылғыларды еске түсіргенімен, негізгі артықшылығы – өнеркәсіптік жабдықтарға бейімделген қосқыштар.
PICO-MTU4-SEMI өндірістік роботтар мен автоматтандырылған көлік құралдарында (AGV) қолдануға арналған. Сол себепті онда DB9 порттары басым, олар RS-232/422/485 стандарты бойынша әртүрлі жабдықтармен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бір DB9 порты GPIO функциясын атқарады.
Бұдан бөлек, құрылғыда екі USB 3.2 Type-A порты, 2.5GbE және 1GbE желілік кірістері, HDMI 1.4 бейнешығару және қуат жалғағышы бар.
Ішкі бөлігіне келсек, шағын корпусқа Intel Core Ultra 5 125U немесе қуаттырақ Intel Core Ultra 7 165U процессоры орнатылады (TDP – 15 Вт). Жедел жады – 32 ГБ-қа дейін LPDDR5 (аналық тақшада), ал деректерді сақтау үшін M.2 2280 слотына (PCIe Gen 4 және SATA қолдайды) SSD орнатуға болады. Сонымен қатар Wi-Fi модуліне арналған M.2 2230 E-Key қосқышы бар.
Жүйе Windows 10/11 және Ubuntu Linux 22.04.2 операциялық жүйелерін қолдайды. Бағасы мен сатылымға шығатын уақыты әзірге жарияланған жоқ.