Home Ойын-сауық Leafy Corner: бөлме өсімдіктері дүкенін басқаруға арналған жаңа симулятор таныстырылды

Leafy Corner: бөлме өсімдіктері дүкенін басқаруға арналған жаңа симулятор таныстырылды

12

Ойынның негізгі мазмұны бөлме өсімдіктерін күтіп-баптауға, өсіруге және сатып алушыларға ұсынуға негізделген.

Көптеген экономикалық модельдеу ойындарынан өзгеше, Leafy Corner ауқымды кәсіп жүргізуге немесе күрделі өндірістік үдерістерді басқаруға емес, шағын гүл дүкенін біртіндеп дамытуға басымдық береді. Ойын барысында қатысушылар бөлме өсімдіктерін өсіріп, олардың жай-күйін ұдайы бақылап, келушілерге қызмет көрсетеді. Осылайша шағын ғана дүкен уақыт өте келе өсімдіктерге толы жайлы мекенге айналады.

Өсімдіктер қорын толықтырып қана қоймай, сатып алушылармен де үнемі қарым-қатынас жасау қажет. Келушілердің бәрі бірдей өзіне қандай өсімдік керектігін біле бермейді, ал кейбірі ерекше сұраныспен келеді. Сондықтан ойыншының маңызды міндеттерінің бірі – әрбір сатып алушының сұранысына сай келетін өсімдікті дәл таңдай білу.

Әзірлеушілер дүкеннің ішкі көрінісін безендіруге де ерекше көңіл бөлген. Ойыншылар жиһазды өз қалауынша орналастырып, құмыралар мен сөрелерді және басқа да сәндік бұйымдарды таңдай алады. Сондай-ақ бөлменің қабырғаларын қалаған түске бояуға мүмкіндік берілген. Ойын ілгерілеген сайын интерьерді көріктендіретін жаңа бұйымдар, өсімдіктердің тың түрлері және қосымша мүмкіндіктер қолжетімді болады. Дүкеннің дамуы орындалған тапсырмалар мен сатып алушылар арасындағы беделіне тікелей байланысты.

Leafy Corner ойынында кейіпкердің сыртқы келбетін өзгертуге мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар кәсіпті кезең-кезеңімен дамытуға негізделген ілгерілеу жүйесі енгізілген. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл жоба ең алдымен тыныш атмосфераны, шығармашылық еркіндікті және асықпай өрбитін ойын барысын бағалайтын ойынсүйер қауымға арналған.

Соңғы жылдары Stardew Valley, Garden Life секілді күнделікті тіршілікті бейнелейтін жайлы ойындарға қызығушылық артып келеді. Осы үрдіс аясында Leafy Corner да асықпай өрбитін ойын үдерісін және ұсақ бөлшектерге ұқыптылықпен қарауды ұнататын ойыншылардың ықыласына ие болуды мақсат етеді.

Бөлме өсімдіктері дүкенін басқаруға арналған бұл жайлы симулятор 30 шілдеде дербес компьютерлер мен ойын консольдеріне шығады.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.