Home Технологиялар Қосымшалар мен бағдарламалар KazLLM тілі Барселонадағы MWC 2025 көрмесінде таныстырылды

KazLLM тілі Барселонадағы MWC 2025 көрмесінде таныстырылды

6

3-6 наурыз аралығында Барселонада өткен Mobile World Congress (MWC) 2025 аясында Қазақстан KazLLM ірі тілдік моделін таныстырды. Биылғы шараның басты тақырыптары – генеративті жасанды интеллект, ақылды қалалар, 5G интернет заттары, қауіпсіздік және eSIM технологиясы.

Mobile World Congress – бұл технология, байланыс және инновация саласындағы ең ауқымды шара. Көрме әлемдік индустрия көшбасшыларын, инвесторларды және стартаптарды бір алаңда тоғыстырады.

Қазақстандық KazLLM моделі 150 миллиард токен негізінде әзірленген және қазақ, ағылшын, орыс, түрік тілдерінде жұмыс істейді. Бұл жобаны Назарбаев Университетінің Жасанды интеллект және ақылды жүйелер институты (ISSAI) Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырды.

KazLLM мақсаты – технологиялық даму мен тілдік әртүрлілікті қолдау, ақпараттық теңсіздікті азайту. Осы бағыттағы еңбегі үшін жоба GSMA Foundry Excellence Award 2025 халықаралық сыйлығының “Жасанды интеллект” номинациясында жеңімпаз атанып, жоғары сапасы мен өзектілігін дәлелдеді.

Шара барысында KazLLM-мен қатар каталан тілі негізінде испандық жасанды интеллект моделін жасау жоспары да жарияланды. Бұл бастама Корольдік испан академиясы (RAE), Испан тілі академиялары қауымдастығы (ASALE) және Барселона суперкомпьютерлік орталығының қолдауымен жүзеге асырылмақ.

Жасанды интеллект пен тілдік технологияларды дамытудағы бұл қадамдар қазақ, каталан және басқа да аз қамтылған тілдердің кеңінен қолданылуына жол ашып, олардың халықаралық деңгейде танылуына мүмкіндік береді.