Home Электроника Аксессуарлар Канадалық ғалымдар телефонды лазермен қашықтан қуаттайтын құрылғыны сынақтан өткізді

Канадалық ғалымдар телефонды лазермен қашықтан қуаттайтын құрылғыны сынақтан өткізді

28

Цифрлы технологиялар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған қазіргі заманда құрылғыларды қашықтан қуаттау – ғылым мен техника алдында тұрған өзекті міндеттердің бірі. Осы бағытта канадалық зерттеушілер маңызды жетістікке қол жеткізді. Олар лазер сәулесі арқылы телефон сынды құрылғыларды қашықтықтан қуаттай алатын фотондық түрлендіргішті сынап көрді. Құрылғы қиын жағдайда да жұмыс істеп, қарапайым талшықты-оптикалық кабель арқылы әрі қуат көзі, әрі байланыс арнасы қызметін атқара алады.

Жобаны қолға алған Оттава университетіндегі Sunlab зертханасының жетекшісі Карин Хинцердің айтуынша, дәстүрлі жүйелерде лазер сәулесінің біраз бөлігі жол үстінде шашырап, тиімділігі төмендейді. «Жаңа құрылғының артықшылығы — кабель ұзындығын әлдеқайда арттыруға мүмкіндік беруінде», – дейді зертхана жетекшісі.

Ғалымдар инфрақызыл диапазонда жұмыс істейтін көпқабатты фотондық түрлендіргіштің жаңа үлгісін жасап шығарды. Мұндай толқын ұзындығы телекоммуникация саласында бұрыннан қолданылады және қашықтық артқан сайын энергияның азаюын барынша тежей алады. Университет ұсынған дерекке қарағанда, жаңа құрылғы бір шақырымнан артық қашықтықта да қуат пен деректі жеткізудің тиімділігін айтарлықтай арттырған.

«Көпқабатты» деп аталуы – оның ішкі құрылымымен байланысты. Түрлендіргіш бірнеше жартылай өткізгіш қабаттардан тұрады. Әр қабат жарықты сіңіріп, лазер сәулесін электр қуатына айналдырады. Мұндай құрылым қуат көзін тиімді өңдеуге мүмкіндік береді, нәтижесінде құрылғы жоғары кернеу мен өнімділікті қамтамасыз ете алады.

Ғалымдар жасап шығарған сынақ үлгісі ең жоғары қуат кезінде 2 вольттан астам электр энергиясын өндіре алады. Құрылғының тиімділігі – 53 пайыздан жоғары, бұл қазіргі балама жүйелермен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.

Фотондық түрлендіргіштерді телекоммуникациялық желілерге енгізу жүйенің тұрақтылығын арттырып қана қоймай, техникалық шығынды азайтып, желінің өткізу қабілетін жақсартуға жол ашады. Мұндай технология болашақта дрондарды, жерсеріктерді немесе Ай бетінде жұмыс істейтін құрылғыларды бір мезетте қуаттап, сонымен қатар байланыста ұстап тұруға мүмкіндік беруі ықтимал.