Алдағы апталарда YouTube платформасында барлық авторлар видеоға көптілді дубляж жасауға мүмкіндік алады, деп хабарлайды digitalbusiness.kz.
Жаңа функция Google Gemini жасанды интеллектін қолдана отырып, автордың дауысын, интонациясын және эмоциясын сақтай отырып дубляж жасауға жағдай жасайды. Енді блогерлерге бұл үшін сыртқы сервистерге жүгінудің қажеті жоқ.
Бұл мүмкіндік алғаш рет 2023 жылы тестілік режимде іске қосылған. Алдымен танымал авторлар , оның ішінде MrBeast, Марк Робер және шеф Джейми Оливер ғана пайдалана алған. 2025 жылғы көктемде YouTube тестілеуді кеңейтті.
Платформа мәліметінше, көптілді дубляж видеолардың аудиториясын айтарлықтай арттырады. Басқа тілдерде аудиожол қосқан блогерлердің қаралымдарының 25%-ы шетелдік қолданушылардан келеді. Мысалы, Джейми Оливердің каналы дубляждың арқасында көрілім санын үш есеге арттырған, ал Марк Робердің видеолары орта есеппен 30 тілге дубляждалады.
Сонымен қатар, YouTube көптілді алдын ала қарау суреттерін де сынап жатыр. Маусым айынан бастап авторлар әр елге бейімделген мәтінді видеоны көрсетуге арналған суретке енгізіп, халықаралық аудиторияны тартуға мүмкіндік алады.