Ақмола облысының әкімдігі хабарлағандай, жедел жәрдем көліктеріндегі камералар бір айдың ішінде жолда орын алған 8 мыңнан астам ықтимал заңбұзушылықты тіркеген.
“Жол қозғалысын бақылауға арналған жүйе көлік ағынын талдауға, қауіпті аймақтарды анықтауға және жол қауіпсіздігін арттыру үшін алдын алу шараларын әзірлеуге көмектеседі”, – деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.
Камералар тек заңбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың себептерін талдап, жол қозғалысын қауіпсіз етуге бағытталған шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.
Sergek Group компаниясының мәліметінше, жедел жәрдем көлігіне орнатылған Sergek Patrol мобильді аппараттық-бағдарламалық кешені жасанды интеллект, жоғары технологиялық камералар мен радармен жабдықталған. Жүйе тәуліктің кез келген уақытында, кез келген ауа райында және байланыс жоқ кезде де жол ережесін бұзғандарды автоматты түрде тіркей алады.