Home Аналитика Интернетте қауіп көп: Қарттарға көмектесетін жастар қозғалысы құрылды

Интернетте қауіп көп: Қарттарға көмектесетін жастар қозғалысы құрылды

13

Қазақстанда алаяқтықтан қорғану және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында жаңа жоба іске қосылды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі AMANAT партиясымен бірлесіп, “Цифрлық қоғам” бастамасын қолға алды. Бұл жобаға мемлекеттік органдар, мүдделі ұйымдар мен жергілікті партия өкілдері атсалысып жатыр.

Жобаның басты мақсаты – цифрлық сауаттылықты арттыру, киберқауіпсіздік ережелерін үйрету, интернеттегі құқықтық мәселелерді түсіндіру. Бұл бағдарламаға балалар, жасөспірімдер, ата-аналар және зейнеткерлер қатыса алады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Абдикаликов алаяқтықтың алдын алу шараларының маңыздылығын атап өтті.

Оның айтуынша, соңғы кезде алаяқтардың басты нысанасы – егде жастағы адамдар. Олар цифрлық әлемнің қауіптерін толық түсінбегендіктен, алаяқтардың арбауына түсіп жатады.

Жоба аясында жастардан құралған “цифрлық еріктілер” тобы құрылмақ. Олар халық көп жиналатын орындарда азаматтарға кеңес беріп, алаяқтардан қорғану жолдарын үйретеді.

“Бұл бастаманың басты мақсаты – жастарды белсенді түрде тарту. Олар балаларға, жасөспірімдерге, ата-аналар мен зейнеткерлерге цифрлық қауіпсіздік негіздерін үйретіп, алаяқтардың айла-амалдарынан қорғануға көмектеседі”, – деді Руслан Абдикаликов.

Министрлік азаматтарға күмәнді хабарламаларға жауап бермеуге, бейтаныс сілтемелерді ашпауға және жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді. Сондай-ақ, 1414 нөмірінен келген кодтарды ешкімге хабарламау керектігін ескертеді.

“Антивирустық бағдарламаларды қолдану, күмәнді сайттарда жеке мәліметтерді қалдырмау, банк сайттарының мекенжайын мұқият тексеру қажет. Әлеуметтік желілер мен қосымшаларда екі факторлы аутентификацияны қосып қою маңызды. Бұл сіздің аккаунтыңызды алаяқтардан қорғауға көмектеседі”, – деді спикер.

Министрлік азаматтарға әлеуметтік желілердегі құпиялылық баптауларын тексеріп, өз деректерін қорғау үшін қауіпсіздік параметрлерін күшейтуді ұсынады. Сонымен қатар, бір құпиясөзді бірнеше жерде қолданбау және банк картасының мәліметтерін үшінші тұлғаларға бермеу қажеттігін еске салады.