Home Технологиялар Инновациялар Ғимараттарға жан біте ме? Еуропада қабырғаға тірі суреттер салына бастайды

Ғимараттарға жан біте ме? Еуропада қабырғаға тірі суреттер салына бастайды

21

Еуропада ғимараттардың сыртына сурет салып қана қоймай, тірі микроағзалармен қаптау жобасы басталды. Бұл бастама «REMEDY» деп аталады және Еуропалық инновациялар кеңесі оған алғашқы кезеңде шамамен 3 миллион еуро бөлді.

Жоба авторларының ойынша, алдағы ширек ғасырда Еуроодақ елдерінде 9 миллиард шаршы метрден астам құрылыс жүргізіледі немесе ғимараттар жөнделеді. Яғни, бұл – жаңа технологияны сынап көру үшін тамаша мүмкіндік.

«Татуировка» дегеніміз не? Бұл – ғимараттың сыртына салынатын үлкен, көркем сурет. Бірақ жай бояумен емес, микроағзалармен тірі қабат ретінде салынады. Арнаулы бояудың үстіне мөлдір, жұқа биоқабықша жағылады, оның құрамында микробтар болады. Олар көзге көрінбейді, бірақ өз тіршілігін жүргізе береді.

Ғалымдардың айтуынша, бұл микроағзалар ауадағы зиянды газдар мен бөлшектерді сіңіріп, патогендерді жоя алады. Сонымен қатар, қабырғалардағы сызаттарды өздігінен жамап, ғимараттың бетін қалпына келтіретін қасиеті бар. Ал кейбір микроағзалар өздігінен жарық шығарып, түнгі уақытта жарықтандыруды алмастыра алады.

Бүгінде нақты қай микроб түрлері қолданылатыны әлі белгісіз. Қазір басты мақсат – тірі қабатты үлкен аумаққа дәл әрі ұқыпты етіп жағатын арнайы құрылғы ойлап табу. Өйткені қазіргі құрылыс құралдарындағы қысым тірі ағзаларға зиян келтіруі мүмкін. Сонымен қатар, қабырғаларға қонған тірі микроағзаларға қамқорлық қажет. Себебі, оларды қоректендіріп, кейде қайта қалпына келтіру керек.

Егер бұл жоба сәтті жүзеге асса, Еуропаның қалалары көркем әрі экологиялық таза кеңістікке айналуы мүмкін. Ғимараттар енді жай құрылыс емес, тірі ағзаға ұқсас жүйеге айналады. Бұл – ауаны тазартатын, жарық беретін, өзін-өзі емдейтін жаңа орта.

Мақала “Graz University of Technology” деректеріне сүйене отырып жазылған.