Америкалық кәсіпкер Илон Маск Apple компаниясын жасанды интеллект саласында әділ бәсекеге тосқауыл қойып отыр деп мәлімдеді. Оның сөзінше, корпорация OpenAI-ға артықшылық беріп, басқа әзірлеушілердің алға шығуына мүмкіндік бермей отыр.
Масктың айтуынша, App Store-дағы Apple саясаты OpenAI-дан өзгелерге тең мүмкіндік бермейді. Ол мұны «антимонополияға қарсы заңның өрескел бұзылуы» деп атап, өзінің xAI компаниясы шұғыл түрде заңды қадамдар жасайтынын хабарлады.
Кәсіпкер сондай-ақ Apple дүкеніндегі «Must have» жинағына X және Grok қосымшалары енбей қалғанын сынға алды. Ал шын мәнінде X қосымшасы «Жаңалықтар» санатында көш бастап тұрса, Grok жалпы рейтингте алғашқы бестіктің ішінде.
Масктың пайымынша, Apple-дің мұндай таңдамалы саясаты бәсекелестік ортаны бұрмалап, әзірлеушілердің құқығын шектейді. Ол бұл жағдайды реттеуші органдардың жіті бақылауына алу қажет екенін атап өтті.
Бұған дейін Маск өзінің жасанды интеллект бағытындағы xAI стартабы өзіне тиесілі әлеуметтік желі X-ті сатып алғанын жариялаған еді.