Илон Маск өзіне тиесілі xAI компаниясы алдағы екі жыл ішінде адам санасына жақын жалпы жасанды интеллектіні (AGI) жасауға мүмкіндік бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл межеге 2026 жылы жету ықтимал. Бұл туралы Business Insider жазды. Миллиардер бұл пікірін xAI қызметкерлерімен өткен жабық кездесуде айтқан.
Бұған дейін Илон Маск жалпы жасанды интеллект 2025 жылы іске асады деп болжаған. 2024 жылдың мамырында Google AI Studio басшысы Логан Килпатрик қойған сауалға ол бір жылдан кейін мүмкін болатынын айтқан. Алайда бұл болжам жүзеге аспады.
Сарапшылар Масктің мұндай мәлімдемелерін оның бизнес мүдделерімен байланыстырады. 2023 жылдың көктемінде кәсіпкер жасанды интеллектті дамыту уақытша тоқтатылуы керек деген ашық хатқа қол қойған. Онда технологияның адамзатқа төндіруі мүмкін қауіптері сөз болған. Дегенмен арада көп өтпей, Масктің өзі Twitter платформасы аясында жеке жасанды интеллект жобасын әзірлеп жатқаны белгілі болды. Сол жылдың шілдесінде ол ресми түрде xAI компаниясын таныстырып, Grok чат-ботын іске қосты.
Business Insider мәліметінше, Илон Маск xAI компаниясы жыл сайын 20–30 миллиард доллар көлемінде қаржы тартып отырғанын хабарлаған. Осы дерекке байланысты түсініктеме алу үшін басылым компанияға сауал жолдағанымен, xAI қысқа жауаппен шектеліп, дәстүрлі медианы ақпаратты бұрмалап отыр деп мәлімдеген. Сарапшылардың айтуынша, жалпы жасанды интеллектке қатысты даулы болжамдар мен жоғары күтулер инвесторлардың қызығушылығын күшейтетін маңызды факторға айналып отыр.
Сонымен қатар AGI ұғымының өзі әлі де нақты қалыптаспаған. IBM бұл түсінікті жасанды интеллекттің кез келген міндетте адамның ойлау қабілетіне тең немесе одан жоғары деңгейде жұмыс істеуі деп сипаттайды. Алайда «ойлау қабілеті» мен «кез келген міндет» ұғымдарының шекарасы нақты айқындалмаған. Кейбір мамандар AGI-ді өзін сана ретінде сезіне алатын жүйе деп есептейді. Мұндай деңгейге жету технологияның мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, жаңа этикалық және қауіпсіздік мәселелерін де алға тартады.












