Home Ақша “Google салығы” Қазақстан бюджетіне 70 миллиард теңге әкелді

“Google салығы” Қазақстан бюджетіне 70 миллиард теңге әкелді

28

Соңғы үш жылда Қазақстанда “Google салығы” арқылы бюджетке 70 миллиард теңге түскен. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді. Комитеттің хабарлауынша, қазіргі таңда ел аумағында 98 шетелдік компания тіркелген.

“Бұл қатарда Alibaba, Aliexpress, Apple, Google, Huawei, Netflix, Pinduoduo, Temu сияқты ірі халықаралық корпорациялар бар. Олардың төлеген салық көлемі 70 миллиард теңгені құрады,” – деп көрсетілген ақпаратта.

Еліміздегі Салық кодексіне енгізілген өзгерістер шетелдік интернет-компанияларды тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Егер олар тіркеуден өтпесе, қызметтері бұғатталуы мүмкін.

Комитет өкілдері “Google салығы” ел экономикасын қорғауға және нарықты әділ етуге септігін тигізетінін атап өтті. Бұл шаралар салық тәртібін күшейтіп, электронды сауданы дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, қазақстандық компаниялар мен интернет пайдаланушылар үшін қолайлы жағдай жасайды.

Еске салайық, 2022 жылдан бастап Қазақстанда интернет арқылы қызмет көрсететін және жеке тұлғаларға тауар сататын шетелдік компаниялар қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуге міндетті. Бұл өзгеріс елдегі электронды сауданың дамуына жаңа серпін беруде.