Home Технологиялар Қосымшалар мен бағдарламалар Google қосымша жасауға арналған жаңа платформа ұсынды

Google қосымша жасауға арналған жаңа платформа ұсынды

21

Google компаниясы жыл сайын өтетін Cloud Next конференциясында Firebase Studio деп аталатын жаңа платформасын таныстырды. Бұл – жасанды интеллект көмегімен мобильді қосымшаларды оңай әрі тез әзірлеуге мүмкіндік беретін браузерлік құрал.

Firebase Studio арқылы қосымша жасау үшін арнайы код жазып әуре болудың қажеті жоқ. Жоба мәтін арқылы сипатталса не қарапайым сурет, скриншот, тіпті эскиз жүктелсе жеткілікті — жүйе интерфейс пен қажетті кодты өзі әзірлейді. Қолданушы дайын шаблондардың бірін таңдай алады немесе жобасын GitHub, GitLab секілді платформалардан не құрылғысынан жүктеп, әрі қарай жетілдіре береді.

Платформа Google-дың Gemini жасанды интеллект жүйесімен біріктірілген. Бұл жүйе құжаттама әзірлеу, қателерді түзету мен тестілеу сияқты күнделікті тапсырмаларды жеңілдетеді. Күрделі жобаларға арналған қосымша құралдар да бар . Мысалы, кодты әртүрлі ортаға бейімдейтін немесе ЖИ шешімдерінің қауіпсіздігін бағалайтын функциялар қарастырылған.

Firebase Studio-мен Java, Python, Go, Node.js тілдерінде, сондай-ақ React пен Flutter тәрізді кең қолданылатын құрылымдармен де жоба жасауға мүмкіндік бар. Дегенмен, сұраныс тым жоғары болғандықтан, Gemini Code Assist секілді кейбір қызмет түрлерін пайдалану үшін алдын ала тіркеліп, күтуге тура келеді

Google бұл платформаны шағын командалар мен стартаптарға арналған тиімді құрал ретінде ұсынып отыр. Компания алдағы уақытта шаблондар санын арттырып, сыртқы сервистермен интеграция мүмкіндігін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Darth Sahara