Home Технологиялар Ғаламтор және желі Gmail поштасында артық хаттардан арылуға көмектесетін жаңа мүмкіндік пайда болды

Gmail поштасында артық хаттардан арылуға көмектесетін жаңа мүмкіндік пайда болды

10

Google компаниясы Gmail сервисіне жаңа «Жазылымдарды басқару» атты бөлім қосты. Бұл жаңалық электронды поштаны қажетсіз хаттардан тазартып, кіріс жәшігін ретке келтіруге көмектеседі. Бұл туралы компания ресми блогында хабарлады.

Жаңа бөлім Gmail-дің бүйірлік мәзірінде орналасады. Онда пайдаланушының белсенді жазылымдары бір жерде топтастырылған. Әрбір жіберуші бойынша соңғы аптада қанша хат келгені көрсетіледі. Ең көп хат жіберетін жазылымдар тізімнің басында тұрады.

Ең басты ерекшелігі – қажетсіз жазылымнан бір батырмамен тез бас тартуға болады. Әрбір жазылымның жанында «Бас тарту» батырмасы орналасқан. Сонымен қатар, бір жіберушіден келген барлық хаттарды қарап шығып, жазылымнан бас тарту жөнінде саналы шешім қабылдауға мүмкіндік бар.

Жаңа мүмкіндік Google-дың қарапайым аккаунт иелеріне де, Google Workspace платформасын пайдаланушыларға да қолжетімді. Веб-нұсқада бұл бөлім бүгіннен бастап біртіндеп пайда бола бастайды. Android құрылғылары үшін 14 шілдеден, ал iOS құрылғыларына 21 шілдеден бастап қолжетімді болады. Бұл функция біртіндеп енгізіледі, сондықтан әр елде іске қосылу уақыты әртүрлі болуы мүмкін.